Ауылшаруашылығы саласын өркендетудің жолы

0 45

Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз қарсаңында басталып, үш күнге созылған І халықаралық форум-көрмеге Түркі мемлекеттерінің ұйымы Ауылшаруашылықтары министрліктерінен келген қонақтар алдында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев көрменің ашылу салтанатында Наурыз мерекесімен құттықтап, халықаралық шараның сәтті өтуіне тілегін білдірді.

– Әз-Наурызда біздің өңірге келген меймандардың қадамына құт тілеп, жаңа жылымыз берекесімен енсін дейміз. Биыл Наурыз мерекесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жаңаша мазмұнда өтуде. Біздің шақыруымызды қабыл алып, келгендеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз! Бұл форумның Жамбыл өңірі үшін маңызы өте зор. Біздің облыс көпсалалы аграрлы өңір болғандықтан, өзіндік мүмкіндіктерді көрсетуге әзір. Сондай-ақ, форум осы саладағы өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттырады деп сенеміз. Облысымыз бірқатар артықшылықтармен қолайлы климаты бар, ауылшаруашылығына ыңғайлы аймақ. Облыс халқының 60 пайызы ауылдық жерлерде шоғырланғандықтан, басты кәсібі – ауылшаруашылығы саласы. Сондықтан, форум жұмысы нәтижелі болмақ. Форум аясында тұқым сапасын және ауылшаруашылығын дамыту сынды ең маңызды мәселелер қозғалатын болады. Жамбыл облысында өзара тиімді ынтымақтастықпен бизнес жүргізуге ниеттілердің барлығына есігіміз ашық. Бірқатар шетелдерден қонақтар келіп жатыр. Шетелдік инвесторлар мен отандық кәсіпкерлер арасында аграрлық кластерді дамыту аясында стратегиялық келісімдер мен меморондумдарға қол қойып, келісім жасауға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.

Ауылшаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров түркітілдес туыстас халықтарды Наурыз мейрамымен, сондай-ақ Рамазан айымен құттықтап, ізгі тілегін арнады. «Былтыр шаруалар үшін өте қиын болды. Биыл ауылшаруашылығына арналған форум-көрменің ізгі істерге бастау болатын қос мейраммен қатар келуін жақсылыққа балап, жаңа жылымыз шаруашылыққа қолайлы, берекелі, өнімді де табысты жыл болсын деп тілейміз» деген министр Мемлекет басшысы ауылшаруашылығының дамуына ерекше көңіл бөліп келе жатқанын жеткізді. Биылғы 7 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бес жылдың ішінде ауылшаруашылығы өнімін екі есеге көбейтуге тапсырма бергенін еске салып, бүгінде осы бағытқа Үкімет қосымша қаржы қарастырып жатқанын жеткізді. Жеңілдетілген несие беріліп, ауылшаруашылығы саласына пайдасы мол осындай ауқымды басқосулар алдағы уақытта да өткізіліп тұратын көрінеді. Фермерлер әр өңірдегі түрлі құрылымдарға сабылып, техника мен тұқым іздегенше, осындай көрмеден өздеріне қажетті техникаға да, тұқымға да келісімшартқа отырып, алуларына мүмкіндік бар екенін де еске салды. Осындай халықаралық деңгейдегі аса ауқымды форумды ұйымдастырған компанияға және Ербол Шырақбайұлына алғысын жеткізіп, белсенді қатысып жатқан фермерлерге де ризашылығын білдірді.

Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келген форумның жұмысын жақсылыққа балап, «Берер табысы боларына сенемін» деді. Сонымен қатар, ол бір ғана Қазақстанның ғана емес, түбі бір түркітілдес мемлекеттердің шаруалары үшін өте ұтымды іске басқосып отырғанын айтты.

Түркия Республикасы Ауылшаруашылығы және орман шаруашылығы вице-министрі Гизлигидер Эбубекир Қазақстанды «Атажұртымыз» деп, Тараз қаласының тұрғындарына жалынды сәлемін жеткізіп, «Таразға біз ауылшаруашылығымен айналысатын жүз адамнан аса делегациямен келдік» деді.

Ауылшаруашылығы саласын өркендетуге арналған форумның лентасы қиылған соң, көрмеге қатысушы компания өкілдері алып келген тауарлары мен техникаларын таныстырды. Алғашқы күні көрме барысында тұқым сапасын арттыру барысы сөз болды. Басқосу ECOSA ұйымының В2В кездесуіне ұласты.

Шет мемлекеттерден келген меймандар ақшаңқан киізүйлерге кіріп, дәм татты. Қазақтың «наурыз көжесін» ішіп, ұлттық салт-дәстүрлерімізбен танысты. Концерттік бағдарламаларды тамашалады. Сонымен қатар,  ұлттық ат-спорт ойындарын көрді.

«Көне Тараз» этномәдени кешенінің көрме павильонында ауылшаруашылығы техникалары және сапалы тұқымдардан, асыл тұқымды төлден агрокөрме ұйымдастырылды. Түркі мемлекеттері ауылшаруашылығы министрліктерінен келген делегаттар облыстың ауылшаруашылығындағы озық техникалармен және сапалы өнімдермен танысып, өзара тәжірибе алмасты.

– Негізінен ауылшаруашылығымен айналысатын оңтүстік өңірге нолдік технологиямен егін егуге өте тиімді дәнсепкішті бүгінгі көрмеге алып келіп отырмыз. Бразилияның «VENCE TUDO» зауытынан шығарылған. Алты жыл бұрын екі данасын әкеліп, өзіміздің шаруашылығымызда қолданып көрдік. Ауа райының әртүрлі жағдайында пайдаланып, тәжірибе жасадық. Бұл техникамен тұқым сепкенде алдын ала жер жыртудың, өңдеудің қажеті жоқ. Артықшылығы да сонда – жерді жырту, өңдеу секілді жұмыстарды қысқартады. Мысалы, ол жұмысты жүргізген адамға ақы төлеу, техникаға құятын жанармай және уақытты шығындамайды. Тұқым себу үшін оңтүстік өңірде күздің күнінде жауын жауғанын күтеміз. Ал мына техниканы қолданғанда жаңбырды да күтпей, әлгінде айтылғандай шығындарды қажет етпей, қатты жерге бірден қажетті тереңдікте дән егіп береді. Мысалы, алдын ала жер жыртып егілетін дәстүрлі әдіспен еккенде 180-200 килограмм нормада тұқым ексек, мына агрегатпен 150-160 килограмм егеміз.

Оның 100 пайызы өніп шығады. Міне, 6 жылдан бері өз шаруашылығымызда осыны пайдаланып, жақсы өнім алып жүрміз. Тәжірибемізді басқа дихандарға да жеткізіп, осы техниканы пайдалануды ұсынып отырмыз. Қожалығымызбен қоса көрші ауылдардағы шаруалар біз арқылы тапсырыс беріп, Бразилиядан алдырып, қолданып жүр. Осы істі басқалармен де бөлісіп, қазіргі қымбаттап бара жатқан жанар-жағармайды, шаруада аса қажет уақытты үнемдеп, кейінгі кездері таптырмай тұрған шаруашылықтағы мамандарды қажет етпейтін техниканы таныстырдық . Бұл агрегаттың бір-ақ адам жүргізеді. Жүргізілуі де өте қарапайым. Қосалқы бөлшектерін алдын ала өзіміздің қоймаға әкеліп қойғанбыз. Егер біздің серіктестік арқылы осы техниканы алатын шаруа болса, керекті бөлшектерін де өзіміз тауып, қажетті қызметін көрсетеміз. Себебі, біздің серіктестік Бразилияның «VENCE TUDO» зауытымен дистрибьюторлық келісімшартқа отырған. Алушыларға қызмет көрсете де аламыз, – дейді Түркістан облысы, Қазығұрт ауданындағы Шарбұлақ ауылындағы «Sapa Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының міндетін атқарушы Ералы Нұржанұлы.

Егіндіктің зиянкестерден қорғалуы үшін қажетті дәріні себуде ұтымды алып дронды «Navistar Asia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры Серік Нұртазин таныстырып сөз алды.

– Біз көрмеге компаниямыздың өнімдерінің бірі – ауылшаруашылығына арналған «XAG v40»  агродронын алып келдік. Бөшкесінің сыйымдылығы 18 литр, ол 100 гектарды залалсыздандыруға жеткілікті. Бұл ең кіші моделі, әрине бұдан көлемдісі де бар. Осының өзі ауысымына 10 сағат жұмыс істей алады. Дәл осы моделі 6 миллион теңге тұрады. Түпкі өндірушісі – қытай елі, әлемдік деңгейде танымал бренд. Егін шаруашылығында өте ұтымды техника. Егер алушылар болса, өзіміз оқытып, үйретіп, алқапқа жіберіп көрсетеміз. Үйренуші толықтай меңгергенше қасында боламыз. Соңында осы техниканы оқып үйренгенін растайтын сертификат табыстаймыз. Бұл агродронның кепілдігі – бір жыл. Егер қандай да бір ақаулықтар шықса, міндетті түрде өзіміз келіп, қызмет көрсетеміз. Қажет болса, қосалқы бөлшектерін де ауыстырып береміз. Бастапқыда бізден оқып үйренген операторы ауысып жатса да қайтадан оқытуға дайынбыз. Қысқаша айтқанда, тұтынушымен барлық кезде байланыста боламыз, онлайн режимде кеңес беріп отырамыз. Компаниямыз негізі Көкшетауда, ал еліміздің барлық аймақтарында филиалы бар. Бұл агродрон фермерге егіннің зиянкестеріне қарсы залалсыздандыру дәрілерін себетін маманға ақы төлеуді қажет етпей, уақытты және суды үнемдеуге көмектеседі. Себебі, мұны жүргізетін, тек бір оператор ғана және бөшкесіне су құйып тұратын бір көмекші ғана керек, – дейді серіктестік басшысы.

Халықаралық деңгейде өткен көрменің фермерлерге берері мол болғанын осындағы түрлі техникадан аңғарылады. Жер жыртып егін салатын, төрт түлік мал өсіретін шаруа үшін қажетті техникалар адам күшін сонша қажет етпейтін әрі шығынды аз жұмсауға арналған заманауи үлгіде дайындалған. Осы үшін де шаруалар қызығушылық танытты.

Егіннен мол өнім алу үшін бірінші сапалы тұқым қажет. «KazAgroZhambyl-2024» форумы аясында Түркі агробизнес форумының экономикалық ынтымақтастық ұйымының  8-ші тұқым шаруашылығы конгресі өткізілді. Тұқым шаруашылығындағы тың тақырыптарды талқылаған  Конгрес Түрік тұқым өсірушілер қауымдастығы «TÜRKTOB және ECOSA»  Экономикалық ынтымақтастық ұйымының тұқым шаруашылығы қауымдастықтары 70-тен астам халықаралық сарапшыларды жинады. Сарапшылар Қазақстанның әртүрлі топырақ-климаттық жағдайларында тұқым шаруашылығының, өндірісті ұлғайтудың және өнімділікті арттырудың өзекті тақырыптарын талдап, пікірлерін ортаға салды. Былтыр ауа райының қолайсыздығына байланысты осы маусымда фермерлер сапалы тұқымға қол жеткізе алмады. Форум жұмысының негізгі мақсатының өзі осы мәселеге баса назар аудару еді.

Ауылшаруашылығы министрлігі атынан форум қатысушыларына сәттілік тілеген еліміздің Ауылшаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіптік кешені ел экономикасында маңызды рөлге ие екенін атап өтті.

 – Бүгінгі Түркі мемлекеттер ұйымының іс-шаралары Қасиетті Рамазан айында және Наурыз мейрамы қарсаңында өткізіліп жатыр. Қос мереке құтты болсын! Форумның барлық қатысушыларына жемісті еңбек және мол табыс тілеймін!

Агроөнеркәсіп кешенінің дамуы – біздің азық-түлік қауіпсіздігімізді қамтамасыз етудің және экономиканың экспорттық әлеуетін іске асырудың маңызды факторы. Сонымен қатар, ауылшаруашылығы – қазақстандықтардың жартысына жуығының негізгі табыс көзі. Соңғы уақытта біздің сала өнімнің өзіндік құнының жоғарылауынан және өткізу нарықтарының шектеулі болуы себебінен елеулі проблемаларға тап болуда. Осы проблемаларды шешу үшін министрлік салаға талдау жасап, мәселенің негізгі себептерін анықтауға назар аударды. Нәтижесінде «Жол картасы» жасалды. Оның негізгі құралдарының бірі – ылғалды көп қажет ететін және монокультураларды қысқартуға, рентабельділігі жоғары дақылдар алаңдарын кеңейтуге бағытталған егіс алаңдарын әртараптандыру. Бұл шаралар мемлекеттік қолдау көлемінің ұлғаюымен, заманауи технологияларды енгізумен бірге өндіріс көлемінің өсуіне, өсімдік шаруашылығы   өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруға мүмкіндік туғызады. «Жол картасының» маңызды бөлімдерінің бірі тұқымдарға арналған. Тәжірибеде көрсеткендей, тұқымның өнімділікке әсер ету дәрежесі 40 пайызға жетеді. Осыны ескере отырып, министрлік саланы дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Біріншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2024-2028 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының ауылшаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленді. Бұл жоспар селекция мен тұқым шаруашылығының заңнамалық және нормативтік базасын жетілдіруге, селекция мен тұқым шаруашылығы субъектілерінің материалдық-техникалық базасын жаңартуға, жас кадрлардың осы салаға келуі үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған бірқатар іс-шараларды көздейді. Екіншіден, ғылыми-техникалық прогресс өсімдіктердің жаңа сорттарын жасау кезінде бірқатар жалпы талаптар қояды. Олар өнімділіктің өсу мүмкіндіктерін толығырақ іске асыру үшін жоғары әлеуетті өнімділікке ие болуы тиіс. Осылайша, селекция процесін жетілдіру үшін агрономдардың, селекционерлердің, биохимиктердің және басқа да мамандардың пәнаралық интеграцияланған зерттеулері жүргізілетін болады. Сондай-ақ, ауылшаруашылығы дақылдарының жаңа сорттарын жасау және өсімдіктердің үздік шетелдік сорттарын біздің жағдайларға бейімдеу бойынша селекция мен тұқым шаруашылығының жетекші әлемдік ғылыми орталықтарымен бірлескен жұмысты күшейту көзделіп отыр. Бұл бағытта бірлескен жұмыстар басталды. Тұқым шаруашылығы мен селекцияны дамыту үшін саланың заңнамалық базасы маңызды мәнге ие. Селекция және тұқым шаруашылығы саласындағы заңнамалық актілерді жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау жөніндегі халықаралық одаққа сәйкестендіру мақсатында «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» Заңға өзгерістер енгізіледі. Сонымен қатар, мұндай өзгерістер «Тұқым шаруашылығы туралы» Заңға да енгізілмек.

Осы бағыттағы жұмысты жандандыру үшін мемлекеттік қолдаулар қарастырылуда. Түпнұсқа және элиталық тұқым алу 70 пайыз және бірінші репродукциялық және гибридті  тұқым алу 50 пайыз субсидияланады. Айта кету керек, тұқымға субсидия нормативі өткен жылы орта есеппен 30 пайызға көтерілді. Сонымен қатар, селекциялық-тұқым шаруашылығы техникасын және тұқым тазарту жабдығын сатып алуға мемлекеттік қолдау 2023 жылы өтеу үлесі 25 пайыздан 50 пайызға дейін өсті. Қазақстанда өндірілген тұқым ғана емес, шетелден сатып алынған тұқым да субсидияланады. Соңғы жеті жылда тұқымға арналған бюджеттік субсидиялар көлемі 2 есеге өсіп, 2023 жылға қарай 16,5 миллиард теңгеге жетті, 2017 жылы 8,5 миллиард теңге болған. Бұл сортты жаңартуға оң әсерін тигізді, 6 жылда 2023 жылға қарай элиталық тұқымдардың үлесі 5,2 пайыздан 7,1 пайызға дейін ұлғайды.

Қазақстан тұқым шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша жемісті ынтымақтастыққа мүдделі және осы тиімді диалог алаңы бизнеске, үкіметтік емес ұйымдармен инвесторларға байланыс орнатуға мүмкіндік береді деген үміттемін. Сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешенінде бизнес жүргізу үшін жаңа трендтер мен перспективаларды талқылауға да жол ашатынына сенемін. Бүгінгі форумға қатысушыларға сәттілік тілей отырып, нәтижесі жемісті болуына тілектеспін, – деді министр.

 Ербол Қарашөкеев аса ауқымды бұл шараның ең алдымен өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерінің өзара тиімді ынтымақтастықты, агроөнеркәсіп саласындағы бастамаларды іске асыруға бағытталуымен облысымыз үшін маңызы ерекше екеніне назар аударды.

– Жамбыл облысы – жоғары экономикалық жағынан қарқынды дамып келе жатқан өңір. Экономикалық даму әлеуеті зор. Соның ішінде өте маңызды саласы – ауылшаруашылығы. Аймақта ауылшаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 5,5 миллион гектарды құраса, егістік жердің көлемі 786,6 мың гектар. Ауылшаруашылығында өндірілетін өнімнің 60 пайызын беретін сала – бұл егін шаруашылығы. Сондықтан, егіс алқаптарынан алынатын жоғары өнімге қол жеткізу үшін сапалы тұқым қажет. Айта кету керек, біздегі тұқым шаруашылықтары өндіретін тұқым сапалық сипаттамасы бойынша шетелдік баламаға сай келмей жатады. Тұқымды өсіру бір жұмыс, оны әрі қарай өңдеп, сатылымға шығаруға жеткізу керек. Былтыр біз шаруаларды сапалы жоғары репродукциялы тұқыммен қамту мақсатында ғалымдардың жетекшілерімен 12 түрлі күздік бидай дақылын сеуіп, дақылдың шығымдылығы мен сапасына сынақ тәжірибесін жүргіздік. Мұндағы тағы бір мәселе – оларды егіске сапалы дайындау. Алайда, техникалық мүмкіндіктің, яғни тұқымды жетілдіретін зауыттың жоқтығы бізге қолбайлау болып отыр. Сол себепті, тұқым шаруашылығы жөніндегі мамандандырылған форум тұқым шаруашылығын және тиімді ауылшаруашылығы өндірісін дамыту, тұқым нарығындағы ағымдағы жағдай мен жаңа трендтер үшін өзекті, ең маңызды мәселелер шешімін табады деген ойдамын.

Тұқым шаруашылығын дамыту бағытында барлық қолдауларды көрсетуге әзірміз. Мәселен, шетелдік тұқым өндіруші компаниялардың өнімдерін тәжірибеден өткізуге болатын 231 гектар алқабымыз бар. Бұл өз кезегінде шетелдік әлеуетті инвесторлар мен отандық кәсіпкерлердің демонстрациялық ортақ алаңына айналуына зор мүмкіндіктер береді. Ендеше барлықтарыңызға сәттілік тілеймін, – деп Ербол Қарашөкеев облысымыз шетелдік серіктестер ұсынатын жобаларды жүзеге асыруға әзір әрі инвесторлармен бірге жұмыс істеуге ашықпыз, – деді.

 Наурыз-думанмен қатар үш күнге созылған форумда агробизнес өкілдері үшін компаниялардың тұсаукесері және стратегиялық келісімдер мен келісімшарттар жасауы көзделген «B2B» сериясы өтті. Қазақстандық, оның ішінде жамбылдық фермерлер серіктестер табумен қатар, өздерінің өндірген өнімдерін өткізу нарығын да кеңейтуге мүмкіндік алды. Ең бастысы- «KazАgroZhambyl-2024» форум-көрмесі елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тигізер пайдасы зор болмақ.