Тұңғыш трио

0 32

Зымыраған уақыт, «Тараз» триосының құрылғанына да 50 жыл өтіпті. Одан бері қоғам өзгерді. Ол кезде 25 жастағы жастық күш-қуатымыз тасыған біздің қатардың өзі 75 жастың белесінен асыппыз. Мына қас-қағым сәт ғұмырдан  алдыңғы толқын ағаларымыз кетті, орнын ата жасқа жетіп, бүгінде біз бастық, сол жылы дүние есігін ашқан нәрестелер ел ағасы жасына жетті.

1974 жылы өзіміз ұйымдастырған трионың өнерпаздары қанша ауысқанмен, күні бүгінге дейін халықты ән-жырға бөлеп келе жатыр. Жарты ғасыр бұрынғы уақытты еске түсірсем, 1973 жылы Алматыдан мемлекеттік консерваторияны бітіріп келіп, Жамбыл  қаласындағы мәдени-ағарту училищесінде мұғалімдік қызметімді атқарып жаттым. Бір күні облыстық партия комитетінің хатшысы Ғайникен Бибатырова шақырсын. «Алтынбек, «Алатау» деген ансамбль құрып жатырмыз, сен соның жетекшісі болсаң» деп өтініш айтты. Мен болмаймын деп азарда-безер болайын. Менің арманым дирижер болу еді. Үлкен оркестр құрып, облыс халқына мәдени-рухани азық болатын  өнерді өрге шығарып, Жамбыл өңірінің атын қазақ еліне, әрісі кеңес одағына  паш еткім келіп еді. Дегенмен, билікте қып-қызыл партия, оның айтқаны екі етілмейтін заман.  Ғайникен әпке өте ақылды адам ғой, келешекті, алысты болжап отыр. Сонымен, 1974 жылы қыркүйек айының бас жағында «Алатау» ансамблінің директоры, әрі көркемдік жетекшісі болып тағайындалдым. Қарамағымда отыз шақты өнерпаз бар. Көбі облыс орталығындағы үш жоғары оқу орны мен училищелерден келген студенттер. Дені жап-жас қыз-жігіттер. Өзім отбасылымын, екі балам бар.  Облыстық партия комитеті  бірден екі бөлмелі пәтер берді.

Студент кезімнен арманым-көп дауыста ансамбль құру. Ол кезде Грузияда, Арменияда, Азербайжанда және Орталық Еуропа елдерінде вокальды-инструменталды ансамблдер болатын. Олар гитара, ямаха сынды аспаптармен ән салатын. Ал менің арманым- қазақи стилде, тек қана домбырамен қосылып айтатын, мүмкін қобыз, сырнайды, сыбызғы қосуға бола ма, әйтеуір бір ұлттық нақышта ансамбль ұйымдастыру. Сол уақытта Мәскеуден «Ярославская ребята» үштігінің концерті келе қалмасы бар ма. Бір балалайка, бір баян, тағы бір аспапта   ән салып, тамсандырды. Бұл үштік кеңес одағының әр қиырын шарлап, атағы аспандап тұрған кез. Содан үш домбырамен үш дауыста ән айтсақ қалай болар екен деп, бұрыннан ойлап-армандап жүрген үштік ұйымдастыруды қолға алдық. Алғашқыда Мұхтар Рахманқұлов, технологиялық институттың студенті  Алтынбек Бекмұратов үшеуміз ұйымдасып, ә дегенде қазақтың халық әні «Желбір жекенді» қосылып жасадық. Осы халық әнімен сахнаға шыққанда халық бірден қабылдап, «Жамбылдық трио шығыпты» деп жатты. Сол кезде-ақ, біздің трио қазақ елін шарлап кетті.

«Досмұқасан», мына Өзбекстанның «Ялласы» шығып жатқан  кез. Алайда, таза ұлттық аспаптармен сахнаға шығу жоқ еді. Біз домбырамен «Желбір жекеннен»  кейін, «Әппақ сенің тамағың», «Жүгіріп шықтың белеске», одан кейін менің жаңадан шыққан «Сағындым Алматымды» әнін орындадық.  Мәдениет министрлігі бөлек болатын, сол министрліктен сыбызғы алып келдім. Оны бесаспап өнерпаз Мұхтар бірден үйреніп алды. Соны қосып, үшеуміз үш дауыста ән салдық. 1974-1975 жылдары республикадағы жалғыз «Қазақстан» телеарнасына түсірді. Алма бақтың ішіне алтыбақан тігіп, ел-жұрт қосылып, ән айтып жатқанда біз қосылып, өнеріміз бүкіл қазақ еліне тарады. Халық ерекше ықыласпен қабылдады. Одан кейін репертуарымыз одан сайын қазақтың халық әндерімен баий түсті. Кенекеңнің, Кенен Әзірбаевтің «Көкшолағын» триоға түсірдім. Қазір мына «Тараз» триосының айтып жүрген «Көкшолағы» сол менің түсіргенім. Бағлан Омаров соны электрондық жүйеге түсіріп, орындап жүр. Бұл енді менің жобам.

Одан бері де екі-үш ұрпақ ауысты. Көп жігіттер ән шырқады. Атыраулық Әбіл деген жігіт-ау, ол айтты бізбен қосылып. Пернебек Оспанов та бізге қосылды. Одан кейін мен «Алатаудың» жетекшілігін Мұқтар Рахманқұловқа беріп, филармонияға директор болып кеттім. Міне, қазір үш жігіт «Тараз» триосы болып айтып жүр.

Қазақтай қабырғалы ел барда, өнер «өлмейді». Оның үстіне біздің Әулиеата сынды киелі өңірде ән мектебі ертеден қалыптасқан. Арыға бармай-ақ өзіміз көзін көріп, батасын алған Кенекеңнен, Кенен Әзірбаевтан бастасақ, біздің Жамбыл облысынан сахнаның небір шеберлері шықты. Оның бәрінің атын атап, түсін түстеп тізіп шықпай-ақ қояйын. Талғампаз көрерменнің өздері-ақ біледі. Қазақстанда бірінші болып өзіміз ұйымдастырған «Тараз» триосы  өнердің қадірін білер, ән-жыр десе ішкен асын жерге қояр халық барда жасай береді.

                                                                                      

Алтынбек ҚОРАЗБАЕВ