Латын әліпбиі – заман талабы

0 10

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастау қажеттілігі атап көрсетілген болатын. Өйткені жаһандану дәуірінде қазақ жазуын заман талабына сай келтіруді күнделікті өмірдің өзі талап етіп отыр.

Қазақстан Республикасы көптеген мемлекеттер үшін инвестициялық тартымды ел болып танылған. Өткен жылы еліміз дүниежүзілік инвестициялық тартымдылық индексі бойынша 56 орынды иеленді. Инвестициялық тартымдылық индексі төрт көрсеткіш: мемлекеттің ашықтығы, инновациялығы, нәтижелілігі, экономикалық үлесі бойынша анықталады. Қазақ жазуының латын әліпбиіне көшуі ел экономикасының, сыртқы саясатының дамуына септігін тигізеді. Халықаралық қатынастар саласындағы байланыстардың нығаюы үшін осы шараларды ресімдеуде латын әріптерінің қажеттілігі анық байқалады.

Ғылым, әдебиет, баспасөз салалары, еңбек ету, белгілі бір мамандықты игеру, т.б. адамның белсенді іс-әрекеттері мемлекеттік тіл мен ағылшын тілінен, оның жазуынан айналып өте алмайды. Бұл орайда еліміз және оның әрбір азаматы ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, пассионарлық қоғам болып қалыптасуымыз қажет. Яғни дүниежүзінде болып жатқан ғылыми-техникалық үдерістермен қатар аяқ баса отырып, оның дамуына өз үлесімізді қосуымыз қажет.

 Латын әріптерімен жазу арқылы басқа тілді де меңгеру, оны жазу да бір-біріне жақындап, бір әріптен екінші әріпке ауысып отыру қиындығын жеңілдетіп, тілдің қолданысына да оң әсер етеді. Осындай жағдайда білім алып, мамандығын шыңдап жатқан жастарға әлемнің қай жерінде жүрсе де кедергі келтірмей, жұмысын жеңілдете түсуге ықпал етеді. Ендеше латын әліпбиінің болашағы зор.

Қорыта айтқанда кез келген әліпбидің міндеті графикалық (әріптің дыбысты таңбалау, көру, оқу, жазуға оңтайлы болуы), лингвистикалық (тілді дәл жеткізуі), техникалық (баспа ісі, компьютер, телефакс, интернет т.б.) талаптарға сай болуы керек. Қазіргі таңда латын әліпбиі осы талаптар биігінен көрініп, үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да, мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр.

 Әр сөзді бабалар салған жолмен ұлттық үндесіміне қарай айтуымыз үшін жарыса қапталдап кедіргі келтіріп келген ескі әліпбиімізді латын әліпбиіне ештеңеден қорықпай алмастыруға мүмкіндік туды.  Қазір әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдері латын әліпбиін қолданады, латын әріптері – өркениет жазуы, өмір талабы. Сондықтан оның бұл артықшылығын ескеріп, біз де өз мақсатымызға сай латын жазуының игілігін көруіміз қажет.