Жұмыстардың сапасын қамтамасыз етуді тапсырды

0 3

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен жұмыс сапары барысында «Жезқазған – Қарағанды» республикалық маңызы бар автомобиль жолында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. 

Аймақ басшысы алдымен құрылысы жүріп жатқан автожолдың 448–583, 583–683 және 683–783 шақырым аралығындағы учаскелерінде болып, мердігерлердің назарын құрылыс қарқынын бәсеңдетпеу және жұмыстардың үздіксіз жүргізілуіне қажетті жағдай жасау мәселелеріне аударды. Атап айтқанда, облыстың жергілікті атқарушы органдары тарапынан шешілуі тиіс мәселелер – шетелдік жұмыс күшіне квота бөлу, жер қатынастарына байланысты рәсімдерді жеделдету және басқа да ұйымдастырушылық мәселелер талқыланды.

Сапар барысында облыс әкімі ауылшаруашылығы саласындағы бірқатар нысанды да аралады. Ақтүбек ауылдық округіндегі «Мирас», сондай-ақ «ULYTAU MEAT» және «ULYTAU SHEEP» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтеріне қарасты «Едіге» және «Нұрәлі», «Бахыт» шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты. Шаруалармен кездесіп, саладағы өзекті мәселелер мен ауылшаруашылығын одан әрі дамыту бағыттарын талқылады.

Қызылжар кентінде Есет Байкен Сарысу өзені арқылы салынып жатқан кіреберіс көпірдің құрылыс барысын тексерді. Сонымен қатар Қызылжар жалпы білім беретін мектебі мен фельдшерлік-акушерлік пункттің қазіргі жағдайымен танысты. Мектепте өңір басшысы жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, елді мекенді дамытуға қатысты ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан әкімдігіне жол және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарындағы жұмыстардың сапасын қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарын толғандыратын мәселелерді кезең-кезеңімен шешу және ауылшаруашылығын дамытуға қолдау көрсету жөнінде бірқатар тапсырма берді.