Қостанай облысында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі соңғы бес жылда айтарлықтай төмендеген.
Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы ең алдымен жастардың білім алып, тұрақты жұмысқа орналасуына байланысты. Себебі еңбек нарығында өз орнын тапқан жас маман – қоғамның дамуына үлес қосатын басты күштің бірі. Осы бағытта Қостанай облысында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, жастарды жұмыспен қамтуға, кәсіптік білім беруге және кәсіпкерлікке тартуға басымдық беріліп отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында жастарды жұмыспен қамтуды мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде айқындаған болатын. Президент тапсырмасына сәйкес, «Әділетті Қазақстан – баршаға және әркімге арналған» жол картасы аясында 2030 жылға дейін республика бойынша 3,3 миллионнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланса, соның 2,2 миллионы жастар болуы тиіс.
Бұл бағыттағы жұмыстар Қостанай облысында да нақты нәтижесін бере бастады. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, соңғы бес жыл ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3 пайыздан 2,1 пайызға дейін төмендеген. Бұл көрсеткіш республикалық орташа деңгейден де төмен.
Басқарма басшысы Динара Қарымсақованың айтуынша, облыста жастарды тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар тиімді жүзеге асырылып келеді.
– Биылғы жылдың басынан бері жұмыспен қамту органдарына бес мыңға жуық жас жұмыс іздеп жүгінді. Соның ішінде үш жарым мыңға жуығы жұмысқа орналастырылды. Бірқатары тұрақты жұмысқа орналасса, енді бірі жастар практикасына, әлеуметтік және субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды. Сонымен қатар жастар қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарынан өтіп, «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін меңгеруде, – деді басқарма басшысы.
Қазіргі таңда облыста жұмыссыз ретінде тіркелген жастар саны да біртіндеп азайып келеді. 1 маусымдағы мәлімет бойынша, ресми есепте 2 653 жас жұмыссыз ретінде тіркелген. Олардың 430-ы белсенді жұмыспен қамту шараларына қатысып жатса, мыңнан астам азамат жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алып отыр.
Сарапшылардың айтуынша, еңбек нарығындағы оң өзгерісті соңғы үш жылдағы көрсеткіштерден де байқауға болады. Мәселен, 2022 жылы жұмыспен қамту органдарында 16-35 жас аралығындағы 7 мыңнан астам жұмыссыз жас тіркелсе, бүгінде олардың саны екі еседен астам қысқарып, 3,5 мың адамға жуықтаған.
Өткен жылы өңірде 13,8 мыңнан астам жас мемлекеттік жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. Олар жастар практикасына қатысып, қоғамдық жұмыстарға тартылды, әлеуметтік жұмыс орындарына орналасты және кәсіптік білім алды. Сонымен қатар кәсіп ашуға ниетті жастар «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, мемлекеттік гранттарға ие болды.
Мамандардың пікірінше, мұндай бағдарламалар жастардың еңбек нарығына тез бейімделуіне, кәсіби тәжірибе жинақтауына және өз ісін бастауына мүмкіндік береді. Әсіресе оқу орнын жаңа тәмамдаған түлектер үшін жастар практикасы алғашқы еңбек тәжірибесін қалыптастырудың тиімді құралы саналады.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жастарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, басты міндет – жұмыссыз азаматтарды тек есепке алып қана қоймай, оларды нақты тұрақты жұмысқа орналастыру.
Сондай-ақ жұмыс берушілермен өзара байланысты күшейтіп, құрылған жұмыс орындарының тұрақтылығына бақылау жасау маңызды. Бұл ретте азаматтардың ресми жұмыспен қамтылуы міндетті зейнетақы жарналарының аударылуы арқылы расталуы тиіс.
Жастарды қолдау – тек жұмыс тауып беру ғана емес. Бұл олардың кәсіби біліктілігін арттыруға, жаңа мамандықтарды меңгеруге, кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыруға және еңбек нарығында сұранысқа ие болуына жағдай жасау деген сөз.
Қостанай облысында қолға алынған кешенді шаралардың нәтижесі жастар арасындағы жұмыссыздықтың төмендеуінен анық байқалады. Бұл – мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіш. Алдағы уақытта жұмыспен қамту шараларының ауқымы кеңейіп, жастардың еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын таппақ.