Жезқазған мыс балқыту зауытында өндірісті технологиялық және экологиялық тұрғыдан жаңғыртуға бағытталған ірі жоба қолға алынды. «Қазақмыс» корпорациясы мен Қытайдың China National Chemical Engineering (CNCEC) компаниясы жаңа күкірт қышқылы цехын салу жөніндегі меморандумға қол қойды.
Құжатқа қол қою рәсіміне Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі және CNCEC Директорлар кеңесінің төрағасы Бао Гуандун қатысты.
Инвестициялық жобаның жалпы құны 213,76 млн АҚШ долларын құрайды. Жаңа өндірістік нысанның құрылысы Жезқазған мыс балқыту зауытын жаңғыртудағы маңызды жобалардың бірі болмақ. Негізгі мақсат – өндіріс барысында пайда болатын технологиялық газдарды тиімді ұстап, тазарту арқылы қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайту.
Жоба аясында жаңа күкірт қышқылы өндірісі іске қосылып қана қоймай, технологиялық газдарды ұстау және тазарту жүйесі де жаңартылады. Заманауи қондырғылар өндірістік процестерді автоматтандыруға және олардың жұмысын тұрақты бақылауға мүмкіндік береді.
Жоба толық іске қосылғаннан кейін технологиялық газдарды ұстау деңгейін 99 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұл Жезқазған қаласының экологиялық ахуалын жақсартуға және өндірістің қоршаған ортаға әсерін төмендетуге бағытталған маңызды қадам болмақ.
Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен бұл бастаманың өңір үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, жоба өндіріс тиімділігін арттырумен қатар, экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған.
– Бұл жоба Жезқазғандағы экологиялық жағдайды жақсартуға, өндірістік шығарындыларды азайтуға және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді. Бастама Мемлекет басшысының Ұлытау облысын дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында қолға алынып отыр, – деді облыс әкімі.
Мамандар үшін жобаның тағы бір маңызды қыры – өндірістегі технологиялық процестерді жаңғырту. Жаңа жүйелердің енгізілуі кәсіпорынның жұмыс тиімділігін арттырып, өндірістік қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді.
Жоба нысанды кезең-кезеңімен жаңғыртуға бағытталған жұмыстардың жалғасы ретінде қарастырылып отыр. Оның іске асуы Жезқазғандағы ірі кәсіпорынның технологиялық базасын жаңартып қана қоймай, өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға да ықпал етеді.
Жаңа күкірт қышқылы цехын пайдалануға беру 2028 жылға жоспарланған. Жоба іске қосылғаннан кейін Жезқазған мыс балқыту зауытының өндірістік мүмкіндігі жаңа деңгейге көтеріліп, экологиялық талаптарды сақтау бағытындағы көрсеткіштер де жақсара түспек.