Абай облысы Мёрдок университетімен әріптестік орнатпақ

0 1

Абай облысының әкімі Берік Уәли Аустралияның жетекші зерттеу университеттерінің бірі – Мёрдок университетінің делегациясымен кездесті. Тараптар білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен зерттеулер жүргізу және академиялық байланысты нығайту мәселелерін талқылады.

Кездесудің негізгі тақырыбы – Шәкәрім университетінің базасында Мёрдок университетінің филиалын ашу. Жоба жүзеге асқан жағдайда өңірде халықаралық деңгейдегі мамандар даярлауға, қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске қосуға және ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға мүмкіндік туады.

Облыс әкімі Берік Уәли өңір әкімдігі бұл бастаманы қолдайтынын айтып, филиалға арналған ғимарат салу үшін Семей қаласындағы Smart City ауданынан жер телімін беру мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізді.

– Мёрдок университетімен серіктестік – білім, ғылым және өндірісті байланыстыратын стратегиялық мүмкіндік. Әсіресе ауылшаруашылығы, мал шаруашылығы және азық-түлік өндірісі бағыттарындағы тәжірибесі біз үшін маңызды, – деді облыс әкімі.

Мёрдок университетінің өкілдері де Абай облысымен ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға мүдделі екенін білдірді. Университет өкілі Саймон Джон МакКирди Семейдегі ғылыми бағыттардың Мёрдок университетінің зерттеулерімен үндесетінін атап өтті.

Ынтымақтастықтың өзектілігі өңірдегі агроөнеркәсіптік жобалармен де байланысты. Қазіргі таңда Жаңасемей ауданында жылына 11 400 тонна ет және ет өнімдерін терең өңдеуге арналған ірі кәсіпорын салынуда. Кәсіпорынды аустралиялық заманауи технологиялармен жабдықтау жоспарланған.

Мёрдок университеті ауылшаруашылығы, ветеринария, азық-түлік қауіпсіздігі және тағам технологиялары салаларындағы ғылыми әлеуетімен танымал. Сондықтан тараптар арасындағы әріптестік өңірдің аграрлық секторына заманауи технологиялар мен халықаралық тәжірибені енгізуге жол ашуы мүмкін.

Абай облысы Аустралияның қой шаруашылығы, селекция және ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағыттарындағы тәжірибесін зерделеуге де басымдық беріп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта білім, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты одан әрі күшейтуге мүмкіндік береді.