Қарашығанақта жаңа компрессор іске қосылып, ірі өндірістік жоба аяқталды

0 3

Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ кен орнында жаңа өндірістік нысан іске қосылды. Алтыншы газ айдау компрессорының пайдалануға берілуі кен орнын кеңейтудің бірінші кезеңін қорытындылап, мұнай-газ өндірісінің технологиялық мүмкіндіктерін арттырды.

Қарашығанақтағы өндірістік қуаттарды жаңғырту жұмыстарының кезекті кезеңі аяқталды. Енді кен орнында газды қайта өңдеп, жер астындағы қабаттарға кері айдау жүйесінің мүмкіндігі кеңейді. Бұл – кен орнын игерудің келешегі үшін маңызды технологиялық шешім. Өйткені қабаттағы қысымды сақтау мұнай мен газ конденсатын өндірудің тұрақтылығына тікелей әсер етеді.

Жаңа компрессордың іске қосылуы Қарашығанақты кеңейту жобасының бірінші кезеңіндегі соңғы жұмыс болды. Бұған дейін осы мақсатта бесінші компрессор пайдалануға беріліп, қажетті өндірістік инфрақұрылым қалыптастырылған. Алтыншы қондырғының қосылуы нәтижесінде газды кері айдау жүйесі қосымша қуатқа ие болды.

Компанияның мәліметінше, ҚКЖ-1 жобасы аясындағы жұмыстар өндірістік нысандарды салу мен жабдықтауды ғана емес, кен орнын ұзақ мерзімді игеруге қажетті технологиялық жағдайларды қамтамасыз етуді де қамтыған. Мұндай инфрақұрылым көмірсутек қорларын игеру барысында өндірістік көрсеткіштердің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.

17 қарашада жобаның аяқталуына арналған шара өтіп, оған мемлекеттік органдардың, жергілікті әкімдіктердің, «PSA» ЖШС мен ҚПО өкілдері қатысты. Қатысушылар жаңа қондырғының жұмысымен танысып, кен орнындағы өндірістік үдерістерді қамтамасыз ететін технологиялық шешімдерді көрді.

ҚПО бас директоры Марко Марсили жобаның жүзеге асуын мемлекеттік органдармен және халықаралық серіктестермен бірлескен жұмыстың нәтижесі ретінде атап өтті. Оның пікірінше, ауқымды жобаны белгіленген мерзімде аяқтауда тараптардың өзара қолдауы мен мамандардың үйлесімді жұмысы шешуші мәнге ие болған.

Айта кетейік, Қарашығанақ кен орны Қазақстанның мұнай-газ саласындағы жетекші өндірістік нысандардың бірі саналады. Жобаны Eni, Shell, Chevron, LUKOIL және «ҚазМұнайГаз» компаниялары бірлесіп жүзеге асырады.

ҚКЖ-1 жұмыстарының аяқталуы кен орнын игерудегі келесі міндеттерді орындауға мүмкіндік беретін инфрақұрылымдық негізді қалыптастырды. Жаңа компрессордың өндірістік жүйеге қосылуы Қарашығанақтың қолданыстағы әлеуетін сақтауға және көмірсутектер өндірудің үздіксіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.