Жемқорлықсыз қоғамның бір кепілі – құқықтық сауаттылық
Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған дерттің бірі.
Сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін, ең қауіпті түрі – парақорлық. Бұл жағдайда бірінші кезекте пара берудің себептерін, пара алудың жағдайларын түп тамырымен жоюымыз қажет. Яғни, пара беру де, пара алу да қылмыс ретінде саналатындай қоғамдық пікір, сана қалыптастыруымыз қажет. Парақорлық мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет болып, билік және басқару органдарының беделіне нұқсан келтіреді, заңдылық қағидаларын жоққа шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне үлкен әсер етеді.
Жемқорлықпен айналысатын адам өзінің міндеттерін дұрыс орындамай, оны жеке басының табысы үшін пайдаланады. Қоғамның дамуын тежеп, оны арам дүние табуға жұмсайды. Елдің дамуы мен әлеуметтік-экономикалық ілгерілеу жолындағы маңызды қадамдардың бірі – сыбайлас жемқорлықты жеңу. Бұл проблемаға бүкіл әлемде үлкен көңіл бөлінетіні кездейсоқ емес.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат – мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлігі, оның ішінде келесі міндеттерді шешуге бағытталған шараларды қамтиды:
сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті ұйымдастыру;
сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау мен жазалаудың тиімділігін арттыру;
сыбайлас жемқорлықты оның барлық көріністерінде қоғамдық қабылдаудан бас тартуға жағдай жасау.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар жүзеге асыруы тиіс. Сыбайлас жемқорлықпен күресі бүгінгі күннің аса маңызды мәселесі. Жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі сыбайлас жемқорлықпен күрестің қуатты құралына айналуы тиіс. Бұл дерттің жаппай жойылуы үшін азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын қалыптастыруымызды жастардан бастауымыз қажет.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен барынша күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптасқан жағдайда адам адамгершілікке жат қылықтардан бойын аулақ ұстап, заңға қайшы келетін әрекеттерді жасауға жол бермейді.
Мемлекеттің дамуына бармақ басты, бұрынғы ата-бабаларымыз да дөп басып «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы басқа би-шешендердің өмірлері дәлел болатынын біз тарихтан жақсы білеміз. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп қара қылды қақ жарып, турасын айтып, әділдікке жүгінген қаймана халықтың ұрпағы бүгінгідей өз алдына ел болып, еңсесі биік дамыған мемлекеттің қатарына жетуді көздеп отырған шақта сол адами қалып-парасат биігінен көрінуге тиіспіз. Жемқорлық сияқты елді іштен ірітетін індетті бірлігі бекем мемлекет ғана жеңе алады. Сондықтан, жемқорлықпен күрес жалқының емес, жалпымыздың міндетіміз екенін бір сәт те ұмытпауымыз қажет.