Жастар және жат идеология: рухани қауіптің алдын алу маңызды

0 2

Қазіргі қоғам үшін ең өзекті мәселелердің бірі – радикалды діни идеологияның таралуы. Бұл құбылыстың күшеюіне тек діни сауатсыздық емес, сонымен қатар әлеуметтік, психологиялық және мәдени факторлар да әсер етуде. Радикалды бағытты ұстанушылар көбіне діни танымы толық қалыптаспаған азаматтарды өз қатарына тартуға тырысып, түрлі психологиялық ықпал ету тәсілдерін пайдаланады.

Мамандардың айтуынша, мұндай топтар эмоциялық әсерге құрылған уағыздар мен интернет ресурстарын кеңінен қолданады. Олар халықтың дәстүрлі діни көзқарасына күмән келтіріп, түрлі сұрақтар арқылы адамның санасына ықпал етуге ұмтылады. Діни білімі әлсіз, ақпаратты талғамсыз қабылдайтын азаматтар мұндай идеологияның жетегінде кетуі мүмкін. Соның салдарынан жалған діни түсініктерді ақиқат деп қабылдап, экстремистік идеялардың ықпалына түсіп қалу қаупі артады.

Зерттеулер жастардың радикалды ағымдардың негізгі нысанына айналып отырғанын көрсетеді. Себебі жастар – жаңашылдыққа бейім, ақпаратты жылдам қабылдайтын әрі жаңа ортаға тез бейімделетін топ. Олар уақыттарының көп бөлігін интернетте өткізетіндіктен, әлеуметтік желілер мен күмәнді сайттардағы діни мазмұнмен жиі бетпе-бет келеді. Осындай ортада жалған ақпаратқа сеніп, теріс ағымдардың ықпалына түсетіндер де кездеседі.

Мамандар жастардың радикалды идеологияға еріп кетуіне бірнеше себеп әсер ететінін айтады. Атап айтқанда, сыни ойлаудың әлсіздігі, ұлттық құндылықтарды жете білмеу, эмоциялық тұрақсыздық, дүниені біржақты қабылдау, интернеттегі діни контентке шектен тыс тәуелділік – негізгі факторлардың қатарында. Мұндай олқылықтар жастарды жалған насихаттың оңай нысанасына айналдырады.

Ғаламтор – қазіргі заманның ең үлкен ақпарат алаңы. Алайда оның пайдалы тұстарымен қатар қауіпті жақтары да бар. Бүгінде радикалды топтар ислам атауын жамылып, бірақ мазмұны дәстүрлі діни құндылықтарға мүлде сәйкес келмейтін сайттар мен парақшалар арқылы өз идеяларын таратуда. Олар қазақ халқының салт-дәстүрін жоққа шығарып, қоғамнан оқшаулануды насихаттап, түрлі діни ұғымдарды бұрмалап түсіндіру арқылы жастардың санасын шатастыруға тырысады. Мұндай әрекеттер қоғам тұрақтылығына кері әсер ететіні анық.

Әрине, интернет кеңістігін толық бақылауда ұстау мүмкін емес. Дегенмен мемлекет тарапынан күмәнді діни сайттарды бұғаттау, теріс ақпараттың таралуына тосқауыл қою және халықтың діни сауатын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң аясындағы түсіндіру шаралары қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға оң ықпалын тигізіп келеді.

Мамандардың пікірінше, жастарды радикалды идеологиядан сақтандырудың ең тиімді жолы – ақпараттық қауіпсіздікті күшейту, медиасауаттылықты дамыту және дәстүрлі рухани құндылықтарды дәріптеу. Сонымен қатар дін туралы ресми әрі сенімді ақпарат көздеріне жүгіну және отбасылық тәрбиені күшейту маңызды.

Өйткені жат ағымның ықпалында кеткен адам тек өз тағдырына ғана емес, тұтас қоғамның болашағына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан әрбір ата-ана баласының рухани тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, ұлттық және адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіруге күш салуы қажет. Дәстүрлі тәрбие мен дұрыс рухани бағыт алған жас ұрпақ елін сүйетін, парасатты азамат болып қалыптасады.

Қоғамды радикалды идеологиядан қорғау – баршаға ортақ міндет. Бұл бағыттағы жұмыстар отбасы, қоғам және мемлекет деңгейінде бірлесе жүргізілгенде ғана нәтижелі болмақ.