Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Самар аудандық орталық ауруханасының қазіргі жағдайымен танысып, медициналық нысанды қайта жаңғырту жоспарын қарады. Жаңарту жұмыстары медициналық қызмет сапасын арттырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталмақ.
Самар аудандық орталық ауруханасы бүгінде аудан тұрғындарына медициналық көмектің бірнеше бағыты бойынша қызмет көрсетіп отыр. Мұнда жедел және алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен қатар, консультативтік-диагностикалық, мамандандырылған, стационарлық және стационарды алмастыратын қызметтер көрсетіледі.
Медициналық мекемеге 10,5 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша емханаға тұрғындар 57 мыңнан астам рет жүгінген. Оның ішінде 38,5 мыңнан астамы – ересектер, 15 мыңнан астамы – 14 жасқа дейінгі балалар, ал 3,5 мыңға жуығы жасөспірімдер.
Аурухананың тәулік бойы жұмыс істейтін стационарында 38 төсек-орын бар. Оның 23-і терапиялық, 15-і хирургиялық бейінге арналған. 2025 жылы стационарда 700-ден астам адам ем қабылдаса, күндізгі стационар арқылы тағы 881 пациентке медициналық көмек көрсетілген.
Мұндай ауқымды жұмыстың артында білікті мамандардың еңбегі тұр. Қазіргі таңда ауруханада 201 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 28 дәрігер және 91 орта буын медицина қызметкері бар.
Дегенмен медициналық қызмет сапасын арттыру үшін мамандардың кәсіби әлеуетімен қатар, нысанның материалдық-техникалық жағдайы да маңызды. Аурухананың негізгі ғимараттары мен емхана ғимараты 1973 жылы салынған. Сондықтан уақыт талабына сай жаңғырту қажеттілігі туындап отыр.
Жоспарланған қайта жаңғырту барысында ғимараттардың жағдайын жақсарту, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту және медициналық бөлімшелерді заманауи талаптарға сәйкестендіру көзделген. Бұл жұмыстар пациенттерге көрсетілетін қызметтің сапасы мен жайлылығын арттыруға мүмкіндік бермек.
Ауруханада жаңарту жұмыстарының алғашқы қадамдары да жасалған. Өткен жылы лифт шахтасына күрделі жөндеу жүргізіліп, пациенттерді тасымалдауға арналған жаңа жолаушылар лифті орнатылды. Бұл әсіресе қозғалысы шектеулі және ауыр жағдайда жатқан науқастар үшін қолайлы жағдай қалыптастырды.
Медициналық нысанды жаңғыртуға кәсіпкер әрі меценат Айдын Рахымбаев қаржылай қолдау көрсетіп отыр. Жеке демеушіліктің арқасында аудан тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысанды жаңартуға мүмкіндік туып отыр.
Аурухананы қайта жаңғырту – Самар ауданының денсаулық сақтау саласындағы маңызды жобалардың бірі. Нысанның материалдық базасын жақсарту арқылы тұрғындардың сапалы медициналық көмек алуына жағдай жасау көзделуде. Бұл, өз кезегінде, аудан халқы үшін медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға ықпал етпек.