Жаңақорған ауданында «Абдулла» шаруа қожалығының құс фабрикасы пайдалануға берілді. Кәсіпорынның салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысты.
Жаңа өндіріс орнына 5,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Кәсіпорын жылына 6 мың тоннаға жуық құс етін өндіруге қауқарлы. Өнім Жаңақорған ауданымен қатар көршілес облыстарға да жөнелтіледі.
Фабрикада 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Кәсіпорын аумағында құс өсіруге арналған 12 қора, құс сою және балапан шығару цехтары, әкімшілік және техникалық қызмет көрсету ғимараттары орналасқан.
Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімі жаңа өндірістің өңір экономикасын әртараптандыруға және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға ықпал ететінін атап өтті. Құс фабрикасының құрылысына атсалысқан бірқатар азаматқа облыс әкімінің Алғысхатын табыстады.
Айта кетейік, Қызылорда облысында экономиканы әртараптандыру мақсатында алдағы үш жылда жалпы құны 1 трлн 900 млрд теңге болатын 48 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Нәтижесінде 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл құны 100 млрд теңгені құрайтын 21 инвестициялық жобаны іске қосу көзделіп отыр.