Жамбылдық оқушылар Ресейде жеңімпаз атанды

0 1

Ресей Федерациясының Жоғары білім және ғылым министрлігі халықаралық ЮНЕСКО/ХООС кафедра желісі департаментінің ұйымдастыруымен Корлев қаласында өткен ғылыми-зерттеу жобаларының бүкілресейлік олимпиадасында жамбылдық оқушылар үздіктер қатарынан көрінді.

Ғылыми-техникалық шығармашылық саласындағы дарынды балаларды анықтау және қолдауды, балалар мен жасөспірімдердің инженерлік-техникалық зерттеу мамандықтарына қызығушылығын арттыруды мақсат тұтқан «Адам-Жер-Ғарыш» тақырыбындағы ғылыми жарыс қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне арналды. Олимпиадаға 8 жобамен қатысқан 12 оқушымыз «Сохраним землю», «Флора и фауна», «Наш дом-земля», «Астрономия» секциялары бойынша ғылыми-зерттеулерін қорғады.

Білім бәйгесінің қорытындысында Тараз қаласындағы облыстық үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектептің 11-сынып оқушылары Жания Битуғанова, Сардор Бердыбаев, Алуа Дүкенбай, Балтабай Марғұлан, Әділет Әлметов және Руслан Рамазан жеңімпаз атанып, Ресей Федерациясы Жоғары білім және ғылым министрлігінің І және ІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталды. Дипломдарды жамбылдық жеңімпаз жастарға халықаралық ЮНЕСКО/ХООС кафедра желісі департаментінің директоры, «Созвездие» олимпиадасының меңгерушісі В.И.Васильев тапсырды.