ЖАМБЫЛДЫҚ ДИҚАНДАР ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДА

0 1

Төрт жоба жүзеге асырылды

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауына сәйкес, облысымызда 2025 жылға дейін ауылшаруашылығы саласында жалпы құны 350,4 млрд теңгені құрайтын 50 инвестициялық жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда.

Олардың негізгі бағыттары сүт тауарлы фермаларын, көкөніс сақтау қоймаларын, бордақылау алаңдарын, құс фабрикалары мен қант зауытын салу және кеңейту, сондай-ақ жаңбырлатып суару технологияларын енгізу, сүт өнімдері мен картоп өнімін қайта өңдеу болып табылады. Осының аясында биыл облыста құны 27,7 млрд теңгені құрайтын 16 жоба жүзеге асырылып, 599 жаңа жұмыс орны құрылатын болады.

Бүгінгі күні облыстың Қордай, Меркі, Шу аудандары мен Тараз қаласында төрт жоба жүзеге асырылды. Құны 2,8 млрд теңгені құрайтын бұл жобалардың қатарында үш көкөніс сақтау қоймасы, бір кондитерлік цех бар. Мұнда 110 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Айта кету керек, өткен жылы 19,2 млрд теңгеге 18 инвестициялық жоба іске асырылып, 595 жаңа жұмыс орны ашылған болатын.

192 канал тазаланды

Жыл басында облыстағы механикалық тазалауға жататын ішкі шаруашылық каналдар зерделеніп, ақпан және сәуір айлары аралығында асарлатып тазалау жұмыстары қолға алынған болатын.

Бүгінгі күні 2384 шаруа асарлатып ұзындығы 722,6 шақырымды құрайтын 192 каналға тазалау жұмыстарын жүргізді. Осылайша биыл да мол өнім алуға үмітті диқандар вегетациялық кезеңді жүйелі жүзеге асырудың қамын жасады.

646 ұңғыма қазылады

Жалпы облыста 1 млрд 715 млн текше метрді құрайтын жер асты суының қоры бар. Бұл 120 күндік вегетациялық кезеңді 535 млн текше метр сумен қамтуға мүмкіндік береді.

Сондықтан жер асты суларын пайдалану және қалпына келтіру жол картасы аясында 2022-2024 жылдар аралығында 646 ұңғыма қазу жоспарланып отыр. Жер үсті су тапшылығы бар аудандар жер асты суының әлеуетін толығымен пайдалану мақсатында қазылатын ұңғымалар арқылы суару маусымында жетіспейтін 275 млн текше метр суды осы жер асты суының қорларымен қамтамасыз ету көзделуде.

Осыған орай аймақтағы ауылшаруашылығы тауар өндірушілері тарапынан 182 ұңғыма қазуға өтінім түсіп, бүгінгі күні Меркі, Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов және Жуалы аудандарында 71 жаңа ұңғыма қазылды және 3,1 мың гектар алқап сумен қамтылды.