Жамбылда қылмыс азайды

0 3

Жамбыл облысында биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтар саны 16,7 пайызға қысқарды. Сонымен қатар қылмыстарды ашу деңгейі 70,6 пайызға жетті. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінде өткен жедел кеңесте айтылды.

Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайсар Сұлтанбаевтың төрағалығымен өткен жиында құқық қорғау органдарының есептік кезеңдегі жұмысы сараланып, алдағы уақытқа арналған басым міндеттер айқындалды. Атап айтқанда, ауыр және аса ауыр қылмыстардың азаюы оң үрдіс ретінде бағаланды.

Кеңесте қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Департамент басшысы интернет-алаяқтыққа, есірткі қылмысына және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, жастардың топтық қылмыстарына жол бермеу және суық қаруды заңсыз алып жүру деректерін анықтау бағытындағы жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.

Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, полиция қызметінің тиімділігі тек қылмысты ашумен өлшенбейді. Ең маңыздысы – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқықбұзушылықтың алдын алу және халықтың полицияға деген сенімін нығайту.

«Таза Қазақстан» бастамасы аясында да бірқатар міндет жүктелді. Атап айтқанда, қоқысты заңсыз тастау, абаттандыру талаптарын бұзу, вандализм әрекеттері мен есірткі жарнамаларын анықтау және жою бойынша бақылауды күшейту тапсырылды.

Тергеу жұмыстары барысында арызданушылар мен жәбірленушілермен тұрақты байланыс орнатудың маңыздылығы да назардан тыс қалмады. Бұдан бөлек, аудандық полиция бөлімдерінің басшыларына өздеріне бекітілген аумақтағы жедел жағдай мен жеке құрамның тәртібі үшін жеке жауапкершілік жүктелді.

Белгіленген бағыттар бойынша нақты іс-шаралар жоспарын он күн ішінде әзірлеп, оның орындалуын бақылау міндеттелді. Жиында алдын алу шараларының маңызына да баса назар аударылды. Өйткені дер кезінде қабылданған шешімдер адам өміріне қауіп төндіретін оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Кеңес қорытындысында тоғыз ай ішінде қылмыстарды ашу бойынша жоғары нәтижеге қол жеткізген Талас аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері марапатталды. «Үздік аудандық полиция бөлімі» атанған ұжымға Алғысхат пен ынталандыру сыйлығы табысталды.

Жиын соңында азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу және қызметтік тәртіпті нығайту полиция жұмысының негізгі басымдықтары болып қала беретіні атап өтілді.