Жамбыл облысында бюджет қаражатын тиімді пайдалану оң нәтижесін беруде

0 2

Жамбыл облысы әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның айтуынша, биыл бірінші тоқсанда Жамбыл облысының экономикалық өсімі 18,4 пайызды құрады.

Өсім экономиканың барлық салаларындағы өндіріс көлемінің артуы есебінен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімінің көлемі 17,6 пайызға, ауылшаруашылығы – 1,9 пайызға, құрылыс – 52,7 пайызға, сауда – 3,6 пайызға, көлік – 18,3 пайызға, байланыс 2,2 пайызға артып отыр.

Өнеркәсіп саласында 355,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Жалпы өнеркәсіп құрылымында 63,9 пайыз үлеске ие өңдеу өнеркәсібінде 227 миллиард теңгенің өнімі шығарылыпты. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсу қарқыны бойынша облысты республикадағы үздік бестіктің қатарына енгізіп отыр.

Ауылшаруашылығы саласында 45,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,9 пайызға артық. Ет өндірісі тірі салмақта – 1,4 пайызға, сүт – 1,8 пайызға, жұмыртқа 34,2 пайызға өскен. Сондай-ақ ірі қара мал саны – 2,8 пайызға, қой – 4,4 пайызға, жылқы – 13,6 пайызға, құс 10,7 пайызға көбейген.

Негізгі капиталға 218,1 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім қарқыны бойынша облыс республика өңірлері арасында бірінші орынды иеленді. Оның ішінде жеке инвестициялар көлемі 214,3 миллиард теңгені құрап, жалпы инвестиция көлеміндегі үлесі 98 пайыздан асты.

Құрылыс саласында 60,7 миллиард теңгенің жұмыстары атқарылып, өсім 52,7 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республика өңірлері арасында екінші орынға ие болды. Есепті кезеңде 150,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

2026 жылы тұрғын үй құрылысына 14,9 миллиард теңге бюджет қаражаты қарастырылған. Қазіргі уақытта жалпы 2 941 пәтерлі 66 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 1 685 пәтерлі 35 үйдің құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үй қорын арттыру мақсатында республикалық бюджет есебінен 4,9 миллиард теңгеге 350 пәтер сатып алынады.

Сондай-ақ сауда айналымы 229,3 миллиард теңгені құрапты. Көлік қызметтері 18,3 пайызға артқан. Оның ішінде көліктің барлық түрлерімен жүк тасымалдау 1,5 есеге, тасымалданған жолаушылар саны 1,4 есеге (26,8 миллион адам), ал жолаушылар айналымы 25,5 пайызға өсіп отыр.