Отбасы тәрбиесі – қоғам тұрақтылығының негізі

0 1

Қазақ халқы қашанда отбасы құндылығын ерекше қадірлеген. Өйткені отбасы – ұлттың іргесін бекітетін, саналы ұрпақ тәрбиелейтін қасиетті ұя. Бүгінде жаһандану дәуірінде отбасы институтын сақтау мен нығайту әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Себебі отбасы әлсіресе, қоғамның да рухани тұтастығына қауіп төнеді.

Ислам діні де отбасы құндылығына айрықша мән береді. Дінде ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, ерлі-зайыптылардың өзара сыйластығы, бала тәрбиесі мен әлеуметтік жауапкершілік кеңінен қарастырылған. Отбасындағы ең маңызды құндылықтардың бірі – сенім. Сенім бар жерде тыныштық, түсіністік пен тұрақтылық орнығады. Бір-біріне сенген отбасы мүшелері кез келген қиындықты ақылмен шешіп, өзара қолдау көрсете алады.

Шариғатта отбасыны асырап-бағу үлкен сауап іс ретінде бағаланады. Пайғамбарымыздың хадистерінде де адамның ең абзал шығыны – отбасы үшін жұмсаған қаражаты екені айтылған. Бұл исламдағы отбасының қоғам өміріндегі маңызын айқын көрсетеді.

Дегенмен қазіргі қоғамда отбасы тәрбиесіне әсер ететін түрлі қауіптер де көбейіп келеді. Соның бірі – дін атын жамылған теріс пиғылды ағымдардың ықпалы. Мұндай ұйымдар көбіне өмірлік қиындыққа тап болған, рухани ізденістегі немесе діни сауаты төмен азаматтарды нысанаға алады. Әсіресе жастар түрлі миссионерлік насихаттың жетегінде кетуге бейім.

Жат ағым өкілдері дәстүрлі дін мен ұлттық құндылықтарды жоққа шығарып, адамдардың санасына күмән ұялатуға тырысады. Олар өзін діни, мәдени немесе ағартушылық ұйым ретінде таныстырып, шын мәнінде өз идеологиясын таратуға күш салады. Мұндай ағымдардың мақсаты – қоғамның рухани негізіне сызат түсіру арқылы өз ықпалын күшейту.

Өкінішке қарай, қазіргі таңда көптеген ата-аналар баласының біліміне көңіл бөлгенімен, тәрбиесіне жеткілікті мән бере бермейді. Түрлі үйірмелер мен қосымша сабақтарға қатыстыруға күш салғанымызбен, баланың рухани дүниесі, адамгершілік қасиеттері мен дүниетанымы кейде назардан тыс қалып жатады. Ал шын мәнінде бала тәрбиесі – ең алдымен отбасынан басталатын үлкен жауапкершілік.

Қазақ халқы ертеден ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. «Судың да сұрауы бар» деп әр әрекеттің жауапкершілігін ұмытпаған. Балаға кішкентай кезінен бастап жақсылық пен жамандықтың аражігін ажыратуды, үлкенді сыйлауды, ұлттық және рухани құндылықтарды бойына сіңіруді басты міндет санаған.

Бүгінде интернет пен әлеуметтік желілердің ықпалы күшейген заманда бұл мәселе одан сайын өзекті бола түсті. Ғаламтордағы барлық ақпаратты талғамсыз қабылдау жастардың дүниетанымына кері әсер етуі мүмкін. Әсіресе тұлғалық көзқарасы толық қалыптаспаған жасөспірімдер түрлі теріс идеологиялардың ықпалына тез түседі. Соның салдарынан қауіпті ойындарға әуестік, суицид, радикалды көзқарастар секілді күрделі мәселелер туындауда.

Мұның басты себептерінің бірі – бала тәрбиесіндегі бақылаудың әлсіреуі. Кей жағдайда ата-ана тәрбиені мектепке жүктесе, ұстаздар керісінше оны отбасының міндеті деп қарайды. Нәтижесінде екі ортада бала рухани қолдаусыз қалып қояды.

Егер ата-ана өз міндетіне салғырт қараса, баланың негізгі тәрбиешісі интернет, теледидар немесе көше ортасы болып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда жасөспірімнің өмірлік бағыты мен дүниетанымы басқа арнаға бұрылып, түрлі зиянды әдеттер мен теріс ағымдардың ықпалына түсу қаупі артады.

Қазіргі таңда қоғам үшін алаңдататын мәселелердің бірі – деструктивті діни ағымдардың әрекеті. Мұндай ұйымдар адамдарды психологиялық тұрғыдан тәуелді етіп, олардың еркін ойлауына ықпал жасауға тырысады. Кейбірі діни, мәдени немесе сауықтыру қызметі ретінде көрініп, шын мәнінде өз идеологиясын жасырын насихаттайды.

Мамандардың айтуынша, мұндай ағымдар адамның ақпарат таңдау еркіндігін шектеп, қоғам мен отбасының тұтастығына қауіп төндіреді. Сондықтан оларға қарсы күрестің ең тиімді жолы – рухани-ағартушылық жұмыстарды күшейту және халықтың діни сауатын арттыру.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, азаматтардың құқықтары мен бостандығына, қоғам қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін теріс пиғылды діни ұйымдардың қызметіне тыйым салынған. Бұл – елдің рухани тұрақтылығы мен қоғамдық қауіпсіздігін сақтау жолындағы маңызды қадамдардың бірі.

Қазақ қоғамының беріктігі – отбасының мықтылығында. Сондықтан ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды сақтап, жас ұрпақтың саналы әрі иманды болып өсуіне жағдай жасау – баршамыздың ортақ міндетіміз.