Панфилов ауданында тұратын Үмбетовтердің отбасы ұстаздық жолына адалдық танытып келе жатқан әулеттің бірі. Отағасы Сейітбек Мырзахметұлы мен зайыбы Нұриша Баймырзақызының еңбек жолы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ауыр кезеңнен бастау алады. Бар саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ерлі-зайыптылар өткен ғасырдың 50-ші жылдарында ұстаздар әулетінің алғашқы кірпішін қалай бастайды. Бүгінде олардың артынан ерген ұрпағынан сегіз математик, бастауыш сыныптардың екі мұғалімі және бір физика пәнінің ұстазы шығып отыр. Ең қызығы бұл әулет мүшелерінің жалпы еңбек өтілі үш жүз жылдан асып кеткен.
Лесновка және Соцжол ауылдарындағы орта мектептерде қатардағы математика пәнінің мұғалімінен директор лауазымына дейін 41 жыл еңбектенген Сейітбек Мырзахметұлы кейіннен тағы 20 жыл Қоңырөлең орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болды. Сол жерден зейнеткерлікке шығыпты. Ал, өмірлік жары, отбасының ұйытқысы, «Алтын алқа» төсбелгісінің иегері Нұриша Баймырзақызы Басши, Лесновка, Соцжол, Қоңырөлең ауылдарындағы орта мектептердің бастауыш сыныптарын оқытты. Бүлдіршіндерге әріп танытумен айналысқан ұстаз 8 бала өсірген ана.
– Отбасын құрған ата-анамыз таңның атысынан, кештің батысына дейін мектепте жүрген. Шәкірттерінің ішінен еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына елеулі үлес қосқан білімді, еңбекқор, отаншыл, мемлекетшіл жандардың көптеп шыққанын мақтан етеміз. Қазір шәкірттерінің көпшілігі зейнеткерлікке шыққан, – дейді әке-шешесі туралы әңгімелеген Марат Сейітбекұлы. – Тыл ардагері ретінде әкеміз үкіметтік наградалармен марапатталса, анамыз «Алтын алқа» иегері. Артынан ерген ұрпағын халқымыздың асыл қасиеттеріне баулып, еңбекқорлыққа, табандылыққа, адалдыққа, шынайылыққа үйретті. Сол арқылы өзгенің еңбегін бағалау керегін ұғындырды.
Балаларының мамандық таңдауын назардан тыс қалдырмаған Сейітбек Үмбетов үлкен қыздары Ардақтың, Нұргүлдің, ұлы Марат пен кенжесі Бақытгүлдің математика пәнінің мұғалімі болуына ықпал еткені анық. Соның арқасында үлкен қызы Ардақ пен күйеу балалары Баймұхан Нұрмұхамедов білім саласының еңбек сіңірген ардагері атанса, Қоңырөлең орта мектебінде 25 жыл математика пәнінен сабақ берген Нұргүл қазір Алматы қаласындағы №92 Махатма Ганди атындағы лицейде ұстаз. Бақытгүл Жаркент қаласында Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның оқушыларына дәріс береді. Үлкен келіндері, ұлдың үлкені Болаттың зайыбы Жаңыл Өтегенова 41 жыл бойы бастауыш сыныптарға ұстаздық етті. Олардың қызы Мақпал Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетін «Математика пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген.
Марат пен жұбайы Гүлназира Оспанбекова 30 жылдан бері Қоңырөлең ауылындағы Қожбанбет би орта мектебінде математикадан сабақ беріп келеді. Бір ұжымда қатар еңбектенген ерлі-зайыптылар өскелең ұрпаққа даналықты үйретуден танған емес.
– Әрбір ата-ана өз ұрпағына артылар жауапкершіліктің жүгін сезіне білуі тиіс. Балаларға дұрыс тәрбие беру арқылы келешекте бейнетінің зейнетін көретінін жақсы ұғынуы керек. Сонда ғана білімді ұрпақтың жаңа толқыны суырылып шығады, – дейді Марат Сейітбекұлы. – Шынында баланы оқытқан өте қызық. Сол арқылы мамандық таңдауда қателеспегеніме қуанамын. Өйткені, әрбір оқушы үлкен бір оқулық секілді. Ашып оқыған сайын мұғалім болу аздық ететінін түсіне бастайсың. Сол үшін өзің ізденіп, біліміңді толықтыруға кірісесің. Жаңаша ойлап, уақыттың ағысына ілесуге тырысасың. Алдыңғы толқын ретінде кейінгі ұрпаққа бабаларымыздың мәдени мұрасын саф күйінде жеткізіп, шынайы патриоттарды тәрбиелеуіміз керек.
Биыл Марат Сейітбекұлының қызы Әмина мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің студенті атанды. Ол да математиканы таңдапты. Міне, Үмбетовтер әулетінің айтар ойы, ұсынар даналығы – мамандыққа адалдық дер едім.