Күннің күрт жылынуы салдарынан Жезқазған-Қызылорда автожолында көліктердің жол жүруі қиындады.
9 наурыз сағат 23:45-те 112-ге Жезқазған-Қызылорда тас жолында Жезқазған қаласынан 180 шақырым жерде 20-ға жуық жеңіл көлік пен ересектер мен балалары бар автобус балшыққа кептеліп қалғаны туралы хабарлама түскен.
Ұлытау облысының автокөлік жолдары және жолаушылар тасымалы басқармасының хабарлауынша, 10 наурызда сағат 12-ге дейін барлығы 75 көлік балшықтан шығарылған. Оның ішінде 1 автобус, 10 жүк көлігі және 36 шағын автобус пен 28 жеңіл көлікке көмек көрсетілген. Ол көліктерде барлығы 350 адам, оның ішінде 22 бала болған.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, жолдағы құтқару жұмыстарына төтенше жағдайлар департаментінің төрт қызметкері мен бір арнайы техникасы, “ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясы филиалының екі қызметкері мен бір техникасы жұмылдырылған.
Әкімдік Жезқазған-Қызылорда тас жолының Ұлытау облысы аумағындағы бөлігін қайта жөндеу бойынша қазіргі таңда ҚР Көлік министрлігі тарапынан конкурстық рәсімдер өтіп жатқанын, жол жөндеу жұмыстары биыл басталатынын еске салды.