Вандализм қоғамдық дертке айналды ма?

0 1

Уақыт болып жатса қаланы бір мезгіл асықпай, аптықпай жаяу аралағанды жаным ұнатады. Өйткені күндіз бойы қызу еңбектің ортасында жүріп, содан бойдан аздап жүйкең шаршаңқырап шыққанан кейін жаяу жүру адам бойын сергітіп, ойлау қабілетіңді жақсарта түседі. Әдеттегідей  жұмыс соңында қызмет істейтін мекемем – ауруханадан шығып, көше орталыңындағы Қайрат Рысқұлбеков саябағы арқылы серуендеп өтемін. Кешке қарай жасыл желекке малынған саябақта тынығып, демалатындар, балаларымен таза ауаға серуенге шығатындар аз емес. Жыл өткен сайын саябақтың  реңі кіріп,  қосымша әртүрлі фонарлар, орындықтар мен шағын конструкциялар орнатылуда. Барлығы – қала көркін ажарландыру мақсатында жасалуда. Оны хош көрелік. Биылғы көктемде саябақтың бірнеше жеріне салқын ауызсу қондырғылары, Төле би көшесіне қараған бетіне түнде түрлі-түсті сәуле шашып ерекше сән-көрік беретін көзтартар ою-өрнектер конструкциялары орнатылған болатын. Олардың қазіргі кездегі көрінісіне қарап, жаның ауырады. Біраз  әсем «қызғалдақтар»  қирап қалған, «сабақтары» сынған, гүлдері «төгілген». Тіпті бірнеше орындықтарды көркемдеген  гранит тастары сындырылып, епетейсіз күйге енген. Оларды біреулер қасақана бүлдірілгені көрініп тұр.  Оның себептері не? Кімдер оларды қиратуға, сындыруға әуестеніп жүр?  Әрине олар өз қаламыздың тірбиесіз, мәдениетсіз, жүгенсіз кеткен тентек жастары. Оларды  халықаралық тілде – басбұзар вандалдар деп атайды.

Бүгінде қала күн өткен сайын өркендеп келеді. Демалыс орындары да көбейді. Алайда көңілге қаяу түсіретін көріністер де бар. Соның бірі – тым жақсы дүниені қирату, сындыру, бүлдіру. Көшедегі жүгенсіздік бүгіндері «қоғамдық эпидемияға» айналып бара жатқандай болып көрінеді. Кез-келген көшеден қазір әйнегі сынып, төбесі опы­рыл­ған аялдамалар мен төңкеріліп шашылып жатқан қоқыс салғыш­тарды, подъездердегі сынған лифтілерді, бүлдірілген  балалар ойын алаңын, жаңадан егілген көшеттердің сынғанын, ғимараттар қабырғанларына жазылған есірткінің жарнамаларын, «Мен сені сүйем Жанель», «Ержан+Маржан=махаббат» немесе «Бұл жерде мен болдым. Руслан.» және де басқа дауыстап оқуға ұятың бармайтын бейпейіл жазулар мен сұрықсыз суреттерді қаланың кез келген ауданынан кезік­тіруге болады. Тіпті күндіз-түні күзеті­летін нысандардың да орындық тары сынып, жол сіл­тейтін көрсеткіштері мен ескерту тақ­тайшалары, кіші склуптуралық насандар мен көше бойындағы шамдар бұзақылардың «құрбанына» айнал­ғанын көру қиын емес. Автобусқа мінсеңіз жап-жаңа жұмсақ орындықтардың шимақталғаны, тесілгендігі, жыртылғаны, темекімен күйдірілгені көзге шалынады.  Саябақтағы орындықтарды тепкілеп, сындырып, жан-жағына сусындардың бос баклашкаларын, сынған шиша-бөтелкелерді, жеген балмұздақ қағаздарының, шаққан пістелерінің, шеккен темекілерінің қалдықтарының жанында бос тұрған қоқыс жәшігіне салынбауы,  жастардың санасының таяздығын, мәдениетінің кемшілдігін көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда қаланың көркін бұзатындар әлі де аз емес.  

Қала маңындағы бейіттерде де  вандализмдің әрекеттер азаймай тұр. «Тыныштық мекенінде»  тып тыныш жатқан марқұмдардың басына қойылған көрнекті құлыптастарды, металл шарбақтарын қиратып, тонап, құлпытастарына бояу жағып, сындырып, қорым аумағында өсіп тұрған бұтақтарды жағып, қураған шөптерге от қойып, өртеп,  өздерінің істерін батырлыққа  санап, бойларына «қуат» алатын елерме, көргенсіз жастар табылады. Тіпті металл қоршауларын темір-терсек тапсыратын орындарға тапсырып, оны кәсіп етіп алғандарда қандай қасиет бар?  Жер бетіндегі тіршілікті қойып, қабірді қиратудан қаймықпаған вандалдар 2024 жылы қаланың «Жасыл кілем»(«Зеленный ковер») деп аталатын қорымда  30-дан астам адамның бейітін бұзып, сыртқы қоршауын ұрлап алып кеткен. Топырақ қойнауында  жатқан марқұмға зиян келтіру оның жақындары үшін жаға ұстатарлық жағдай болса, адам атын иеленгендерге үлкен сын.

…Өткен күндердің бірінде көп жылдар бойы Астанада тұратын танысым Таразға арнайы келіп, біраз жылдар бұрын жерленген анасының зиратына барады. Жан-жағындағы қоршалған әсем темір қоршауды бір имансыздар бұзып, тонап кетіпті. Оны көрген астаналық қонақ-қыздың  қан қысымы көтеріліп, жүрегі шаншып, ебіл-дебіл болып жылап бейіт басшылары мен жергілікті полицияға барыпты. Бірақ, олардан «вандализммен айналысқандарды анықтау мүмкін емес болып тұр», оларды таба алмайтынын айтып, жылы сөзбен шығарып салыпты. Әйткенмен, бұл мәселенің ол аяқсыз қалдыруға болмайтынын жеткізіп, көңілі қатты құлазып қайтыпты. Марқұмдардың әруағын қорлау – нағыз надандық емес пе?! Осындайда Қадыр Мырзалиевтің:

Кімді аяйды есіргендер,

Қызғаңдар?!

Қасиетті ұғымдарды сызғандар?

Бәрін, бәрін,

Барлығын да бұзады

Бақилардың тыныштығын бұзғандар!

– деген өлеңі еріксіз еске түседі. Бейіттерде вандалдардың адам айтса сенгісіз әрекеттері әзірше тоқтайтын емес.

Әсем табиғаттың көркем келбетіне залал келтіріп жүрген вандал-туристер де ортамызда табылады. Жарғабақ тас беттеріне өздерінің атын ақ бояумен бақырайтып жазып, махаббат сезімдерін сүйіктісіне білдіріп жүретіндер баршылық. Тіпті мемлекетпен қорғалған тарихи нысандардың беттеріне, жүздеген жылдар бұрын ата-бабаларымыз тас бетіне қалдырған жазбаларының (петроглифтердің) үстіне не болса соны жазып, суреттер салып кететіндерді кім дейміз?

«Вандал» деп ежелгі римдіктер 455 жылы Римді қиратып талқандап кет­кен көшпелі тайпаларды атаған екен. Кейін «вандализм» термині – мәдени-тарихи ескерткіштерді, басқа да ру­хани мәдениет құндылықтарды аяу­сыз, қасақана жою, қиратып бүлдіру және тонау әрекеті болып сөздікке енді. Вандализм соғыс болып жатқан өңірлерде кең етек жайуда. Ежелгі құрылыстар, ескерткіштер аяусыз қиратылып, тоналып жатыр.  Вандализмнің салдарынан өнер, мәдениет объектілері мен мемлекеттік маңызды орындар бүлінеді немесе біржола жойылуда. Ал Францияның «Ларусс» баспасы: «Вандализм – әдемі дүниелерді, атап айтқанда өнер туындыларын жоюға мәжбүр ететін адам ақыл-ойының көрінісі» деп бағамдайды, яғни жеке немесе қоғамдық меншікті қасақана қирату, жою саналы адамның жасайтын әрекеті емес деп есептейді. Материалдық пайданы көздемейтін жабайылықтың жағымсыз үлгісі көрініс тапқан тұстан бері тұтас ғасырлар жылжып, бірнеше дәуір көшті. Уақыт сатысымен көтеріліп, адамзат баласы қанша ұрпақ ауыстырғанымен, кейбірәмізде жеке адамға немесе көпке ортақ мүлікке орынсыз залал келтіруді, мемлекет қазынасындағы құнды тарихи заттарды, нысандарды қирату сияқты жабайы мінез жойылмай келеді. Қара күші қойнына сыймай жүрген жап жас жігіттер қала көшелеріндегі аялдамаларды, орындықтарды, фонарларды қиратуды өз ермектеріне айналдырып алғандары өкінішті. Ғимараттарға, тарихи-мә­де­ни орындарға сурет салып кететіндер көп. Өз атын әр жерге қайталап жаза беретіндер де аз емес. Сондай-ақ түнде бетпер­де киіп, рұқсат етілмеген жер­лерге барып сурет салып, по­лиция қызметкерлерінен қашып, содан ерекше адреналин ала­тындар да бар. Бұл – таза жа­байылықтың, мәдениеттің төмендігінің көрінісі, анық вандализм. Олардың эмоцияға беріліп, істеген әрекеті, қаланың сә­нін қашырып, бюджетке салмақ түсіріп тұр. Бірақ оның салдарын бұзақы түсініп, парқына бар­майды. Көп болса, айыппұлмен құтыламын деп ойлайды. Бірақ қиратылған тарихи мұра бұрынғы қалпына қайтып келе ме? Міне, мәселе қайда жатыр…

Халқымыздың есінде ұмытылмастай болып қалған кешегі «қаңтар оқиғасы» кезінде бұзыққандылар көшеге шығып, ғимараттарды өртеп, көзге ілінген заттарды қиратып, сындырып, талқандап кеткен бұзақылық топтардың дөрекі істерін де вандализмге жатқызуға болады. Алғашқыда шамалы топты наразылықпен алаңға шығуы қарулы қақтығысқа ұласып, көтеріліс сипатына ауысқаны белгілі. Аталған оқиғалар барысында Алматыдағы Ұлттық арна ғимаратына басып кіріп, күрделі техникаларды қиратып, тонап, артынан тарихи-мәдени нысанды өртеп жіберген. Басқа бірнеше қалаларда да ондай қасіретке толы қақтығыс, қантөгіс орын алды. Тоналған техникалар, қираған дүние-мүлік пен ескерткіштер, өртенген телестудиялар, дүкендер мен кеңселер, департаменттер, автокөліктер жабайылықтың көрінісі ме әлде ұлтқа жаны ашымастықтан туған жайт па?! Өкінішке қарай, өткен тарихымызға көз жүгіртсек ондай қайғылы оқиғалар бұрындары да болыпты.

Психологтардың пікірінше  вандализм әрекетіне психологиялық фактор түрткі болады екен. «Вандализм» ұғымына кіретін әрекеттерді көп жағдайда жастар қауымы жасап жатады. Вандализм көбінесе үрейден, қаттылықтан, қозудан, агрессиядан болады. Яғни қандай да бір бойдағы агрессия ошақтарын қандырушы әрекет ретінде есеп­теледі. Ван­дализмге алып келетін жолдар: онтогенді яғни дұрыс емес тәрбие көзі, гипер- немесе гипобайектеу баланы, жағымсыз орта болса, биогенді түрде ол шығу тегі (ішімдікке әуестік, психопатия, психикалық ауытқулары агрессивті түрде) арқылы генетикалық тұрғыда ұшырайды. Алғашқы әрекет немесе айқын агрессивті әрекеттің алдын алу психиканы тұрақтандыру және қорғанудың ең тиімді жолы, – дейді мамандар. Жастар әсіресе 11 жас­тан асқан жасөспірімдердің мұндай қи­тұрқылықты істеуінің төрт деңгейі болады. Біріншісі, ессіз әрекет. Адам ішіндегі ашуын сыртқа шығару мақсатында ішімдік пен есірткі әсерінен бұзақылыққа барады. Екіншісі, саналы деңгейде ойын-сауық құрып, жарысу, бәсекелесу, өзгелерге еліктеу, өзін сендіру мотивімен жасайды. Үшіншісі, психологиялық тұлғалық саналы түрде өзін-өзі қорғауы, кек алуы, азаматтың мінез-құлық әдеті. Төр­тіншісі, ішкі наразылығы, өзіне көңіл ауда­руды көздей­тін әлеуметтік психологиялық саналы деңгей.

«Қазақстандағы вандализммен байланыс­ты негізгі проблемалар – қоғамдық сана мен білімнің жоқтығы. Қоғамдық кеңістіктер мен ортақ меншіктің маңыздылығын түсінбеу, салдарынан адамдардың қоршаған орта мен қала нысандарын бағаламауына және оларға қамқорлық жасамауына дейін апарады. Қоғамдық орындарда тиімді мониторинг пен қадағалаудың жоқтығы вандализм әрекеттерінің көбеюіне әкеледі. Әлеуметтік-экономикалық мәселелер де маңызды рөл атқарады. Кедейлік, жұмыссыздық және әлеуметтік шиеленістің жоғары деңгейі вандализм әрекеттерін өршітуі мүмкін. Сондай-ақ қатаң заңдардың жоқтығы вандализмді көбейтеді, асқындырады. Вандализм үшін жауапкершілікті күшейту, заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуде халықаралық тәжірибені ескеру қажет деп есептеймін.

Вандализммен күрестің ең тиімді жолы – тәрбие. Бұл мәселеге тек мектеп немесе құқық қорғау органдары ғана емес, ең алдымен әр отбасы жауапты болуы тиіс. Әр ата-ана баласына ортақ мүлікке, тарихи ескерткіштерге жанашырлықпен қарауды үйретуі керек. Тәрбие тек сөзбен емес, іс-әрекет арқылы беріледі. Егер ата-ана өзі көшеге қоқыс тастамай, қоғамдық орындарды таза ұстаса, баласы да соған ұмтылады. Ал тәртіпті тек сырттан талап ету нәтиже бермейді. Вандализммен күрес, қоғамдық дүниелерге қамқорлықпен қарау отбасында, мектепте жүргізілу керек. Арнайы сабақтар өткізілсе де артық болмас еді. Оқушы балалар мен ата-аналарға ру­хани, заңдық бағыттарда түсіндіру жұмыстары жүргізілгені жөн. Өйткені қоғамдық сананы, мәдениетті қалыптастыруды адамның жас кезінен бойына сіңіру нәтижелі болады», – дейді ғалым-ұстаз, профессор, ҚР Ұлттық академияның  академигі Жүсіпбек Сүлейменов.

– Кейінгі уақытта вандализм мәселесі ушы­ғып тұр. Күн сайын БАҚ беттерінде біреу­лердің халықтың мүлкін, коммуналдық меншігін бүлдіргені туралы жаңалықтар желдей есіп жүр. Вандализм дерті эпидемия сынды. Мемлекет басшысының жақында айтқан сөзінде халықтың құқықтық сауатын арттыру және қоғамдық тәртіпсіздіктер мен мәдениетсіздікті болдырмау жөніндегі міндеттер ерекше өзектілікке ие болып отыр. Қазіргі жағдай мұндай заңсыз әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейтуді қайта қарау керектігін дәлелдейді. Жапония білім мен тәрбиеге деген көзқарасымен, әсіресе қоғамдық орындар­ды құрметтеу контекстінде танымал. Жапон мектептеріндегі білімге тазалық сабақтары кіреді. Мұнда оқушылар сыныптары мен мектеп аумағын өздері жинайды. Бұл тек тазалықты сақтауға емес, сіздің жұмыс кеңіс­тігіңізге, қоғамдық мүлікке деген құрметті қалыптастырады. Сингапур елі де тәртіп пен тазалықты сақтауда қатаң көзқарасымен ерекшеленеді. Елде қоқыс тастау, бұзақылық және басқа да қоғамға қарсы әрекеттер үшін қатаң заңдар мен айыппұлдар бар. Син­гапур тәжірибесі нақты ережелердің есебінен  вандализмнің алдын алуға болатынын көрсе­теді. Ал Ұлыбритания вандализммен күресу үшін әртүрлі стратегияларды пайдаланады. Соның ішінде бейнебақылау камераларын орнату және «Neighborhood Watch» сияқты бағдарламаларды жасау. Мұндай бас­тамалар тұрғындар мен полиция арасындағы ашықтық пен ынтымақтастықты арттыру арқылы қылмыс пен вандализмді азайтуға көмектеседі. Қазақстан үшін де қоғамдық орындарда бақылауды жақсартуға ұтымды бастама,

Сенаторлар заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу мәселесін қарастыруға дайын. Біз барлық мүдделі тарапты осы бағыттағы бірлескен қызметке шақырамыз. Сонымен қатар мұндай жағдайлардың алдын алу үшін заңнамалық шаралардан басқа, бірінші кезекте жастар арасында тиісті профилактикалық жұмыс жүргізу қажет. Бұл жұмысты Үкімет, жергілікті атқарушы орындар және құқық қорғау органдары бақылауға алуы керек. Өз тарапынан сенаторлар да бұған белсенді қатысуға дайын, – дейді Сенат депутаты Бекболат Орынбеков.

Елімізде 2024 жылы 1200 астам вандализм оқиғасы тіркелген екен. Осыған байланы­сты Қазақстанда вандализм үшін жаза күшейтілді. Мемлекеттік немесе жеке мүлікті бүлдіру мен қирату әрекеттері үшін 50-ден 160 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 40 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған. Яғни, айыппұл мөлшері 172 000 мен 552 000 теңге аралығында. Соған қарамастан, мұндай қылмыстар азаймай тұр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен былтырдан бастап вандализм актілері, қоғамдық және же­ке мүлікті бүлдіргені үшін жаза қатаңдатылды. «Мүлдем төз­беушілік» қағидатын іске асы­ру аясында қоғамдық орын­дар­да әдепсіз сөздер айтып, қор­лау, ғимараттар мен өзге де құрылыстарды, қоғамдық орын­дарға нұқсан келтіру және қоғамдық тәртіп пен азамат­тардың тыныштығын бұзатын басқа да ұқсас әрекеттер үшін – 15 күн есебіндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұзақылық, яғни қо­ғамдық тәртіпті қоғамды құр­мет­темеу анық көрінетін, азамат­тарға күш қолданумен не оны қолдану қатерін төндірумен, сол сияқты бөтеннiң мүлкiн жою немесе бүлдiрумен не ба­рынша арсыздықпен ерекше­ленетiн әдепсiз әрекеттер Қыл­мыс­тық кодекстің 293-бабымен («Бұзақылық») қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді. Бұл бап екі жылға дейін­гі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін екі мың АЕК мөл­шерінде айыппұл салуды көз­дейді. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны және бөтеннің мүлкін бүл­діргені туралы фактілерді байқасаңыз оған  немқұрайлықпен, енжарлықпен  қарамай оны болдырмауға әрекет жасауымыз керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде қоғамдық мүлікті бүлдіру, бұзақылық және вандализм сияқты оқиғалардың жиілеп кеткеніне тоқталып: «Біз өз елімізді мақтан тұтуға тиіспіз. Мейлі ол көше, аула немесе үйлердің кіреберісі болсын – бәріне ұқыпты қарауымыз қажет. Вандалдармен табанды түрде күресу керек. Сондай-ақ олардың заң жүзінде қатаң жазаланатынын айттым. Әр нәрсенің шегі бар. Елімізде тәртіп болуы керек. Заңды сақтау қажет. Жуырда елордада мас адам лифтідегі мониторды сындырғаны үшін оған 14 мың теңге ғана айыппұл салынған. Бұлай болмайды. Мұндай іс-әрекеті үшін кемінде 15 тәулікке қамау керек немесе 1 жылға түзету жұмыстарына салу жөнінде жаза кесу қажет. Жеңіл жаза жарамайды. Ал іс жүзінде жазаламау салдары құқық бұзушылық пен қылмыстың одан әрі өршуіне алып келеді. Сондықтан осы мәселе бойынша заңнаманы қатаңдату керек», – деген еді. Айта кету керек, Конституцияда әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 448-бабы бойынша кәмелетке толмаған адам мемлекет қорғауындағы ғимарат, тарих және мәдени ескерткіштерді, қабірді сурет салып, қорласа, қоғамдық мүлікті қасақана бүлдірсе, ата-анасы не оларды алмастыратын адамға 15 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады. 203-бап бойынша қазақстандық азамат табиғи кешенді немесе мемлекет қорғауға алған объектілерді, ғылыми, көркемдік немесе мәдени құндылығы бар заттарды немесе құжаттарды қасақана бүлдірсе, 3-7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы тиіс.

Бүгінгі жастар – ертеңгі ел иесі. Ал вандализмнің құрбаны болу – жастарға жат қылық. Сол себепті оларды мәдени құндылықтарды қадірлеуге баулу аса маңызды. Қоғамдық жұмысқа, еріктілер қозғалысына қатыстыру, тарихи орындарды танып-білуге ынталандыру – ванда­лизмге қарсы нақты бір қадам.

Вандализм – бұл бір қала не­месе облыс көлеміндегі ғана емес, ұлттық мәселе. Бұл мәдениетке, тарихқа деген қастандық. Сондықтан онымен күрес бір сәтке де назардан тыс қалмауы керек.