Түркістан мен Риштан бауырлас қала атанды

0 2

Өзбекстанның Самарқан қаласында алғаш рет өткен «Бауырлас қалалардың халықаралық форумы» өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды халықаралық алаң болды. Әлемнің 20-ға жуық елінен келген 300-ден астам делегат бас қосқан жиында қалалар арасындағы әріптестікті кеңейту, инвестициялық жобаларды дамыту және тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.

Форум жұмысына Қазақстан атынан Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Бекбол Аманжол мен қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Өмірзақ Адхам қатысты. Делегация халықаралық серіктестікті дамытуға бағытталған кездесулерге қатысып, Түркістанның инвестициялық және туристік әлеуетін таныстырды.

Халықаралық форумның басты оқиғаларының бірі – Түркістан қаласы мен Өзбекстанның Риштан қаласы арасында бауырластық және серіктестік туралы меморандумға қол қойылуы болды. Бұл келісім екі қаланың өзара қарым-қатынасын жаңа кезеңге шығарып, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге, инвестиция тартуға, туризм саласын дамытуға және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік береді.

Құжат аясында білім беру, ғылым, мәдениет, спорт және жастар саясаты бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асыру, мамандардың тәжірибе алмасуын ұйымдастыру және кәсіпкерлер арасындағы ынтымақтастықты арттыру көзделген. Сондай-ақ тараптар қалалардың инвестициялық мүмкіндіктерін халықаралық деңгейде насихаттауға және өңіраралық байланыстарды жандандыруға мүдделі екенін жеткізді.

Форум аясында қатысушылар «Мәңгілік қала» туристік кешенінде өткен Достық ағашын отырғызу рәсіміне қатысты. Бұл шара бауырлас қалалардың достығы мен өзара құрметінің, ұзақ мерзімді серіктестігінің символына айналды.

Іскерлік бағдарлама барысында B2B және B2G форматындағы кездесулер ұйымдастырылып, бизнес өкілдері мен инвесторлар жаңа жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. Кездесулерде инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, кәсіпкерлікті қолдау және өңірлер арасындағы экономикалық байланысты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Түркістан – Қазақстанның тарихи-мәдени орталығы әрі түркі әлемінің рухани астанасы ретінде халықаралық деңгейдегі туристік бағыттардың біріне айналып келеді. Ал Риштан – ғасырлар бойы қалыптасқан керамика жасау өнерімен танылған Өзбекстанның көне шаһарларының бірі. Екі қаланың серіктестігі мәдени мұраны сақтау, қолөнерді дамыту және туристік маршруттарды бірлесе ілгерілетуге жаңа мүмкіндіктер ашады.

Самарқанда өткен халықаралық форум өңірлік дипломатияны дамытуға, қалалар арасындағы өзара ықпалдастықты арттыруға және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестікті тереңдетуге бағытталған маңызды қадам болды. Қол жеткізілген келісімдер алдағы уақытта нақты экономикалық, мәдени және туристік жобалардың жүзеге асуына негіз болмақ.