Өңірлер рейтингінде сегізінші орынға көтерілді

0 2

Абай облысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері сараланып, жыл соңына дейін атқарылуы тиіс негізгі міндеттер айқындалды. Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында экономиканың жетекші салаларындағы өсім, инвестиция тарту, жұмыспен қамту және әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Жиында баяндама жасаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садырдың мәліметінше, өңір экономикасында бірқатар бағыт бойынша оң өзгерістер бар. Биылғы алғашқы жартыжылдықта жалпы өңірлік өнім көлемі 1 трлн 783,5 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,7 пайызға өскен.

Қаңтар-қыркүйек айларында облыста 2,5 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Бұл былтырғы көрсеткіштен 630 млрд теңгеге артық. Нәтижесінде Абай облысы өнеркәсіп өндірісінің көлемі бойынша республикадағы өңірлер рейтингінде сегізінші орынға көтерілді. Сонымен қатар көлік, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, ішкі сауда және ауыл шаруашылығы салаларында да өсім тіркелді.

Инвестициялық белсенділік те өңір экономикасының маңызды бағыттарының бірі болып отыр. Есепті кезеңде облысқа 417,7 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның 365,2 млрд теңгесі жеке инвестицияларға тиесілі. Жеке капитал көлемінің артуы кәсіпкерлікті дамытуға және өндірістік әлеуетті кеңейтуге мүмкіндік береді.

Құрылыс саласында тоғыз айда 240,4 млрд теңгенің жұмысы орындалып, 173,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысының көрсеткіші бойынша облыс республика көлемінде 19-орыннан алтыншы орынға дейін көтерілген. Ал бюджет кірістері жоспардан асыра орындалып, меншікті кірістер көлемі жөнінен өңір республикада төртінші орынға жайғасты.

Әкімдік отырысында қала мен аудандардың жұмыс тиімділігіне де баға берілді. 83 индикаторды қамтыған рейтинг нәтижесінде Семей қаласы, Жаңасемей және Үржар аудандары үздік үштікке енді. Ал Курчатов қаласы, Ақсуат және Көкпекті аудандарының көрсеткіштері төмен деңгейде қалды. Әсіресе Көкпекті ауданының рейтингте бірнеше есептік кезең қатарынан соңғы орында болуы сынға алынды. Осыған байланысты Берік Уәли көрсеткіштері төмен әкімдіктерге жұмысты жандандырып, кемшіліктерді жоюды тапсырды. Көкпекті ауданы бойынша қабылданып жатқан шаралардың нәтижелілігін бағалап, тиісті шешімдер ұсыну міндеті де жүктелді.

Облыс басшысы жыл соңына дейін уақытты тиімді пайдаланып, әр саладағы жоспарлы межелерге қол жеткізу қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, инвестиция тарту, өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік және жұмыспен қамту бағыттарындағы жұмыстар нақты нәтижемен бағалануы тиіс.

Жиын қорытындысында жауапты басқармалар мен жергілікті атқарушы органдарға белгіленген міндеттерді орындау, экономикалық өсімді тұрақтандыру және халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу бағытындағы жұмысты күшейту тапсырылды. Сонымен қатар жыл қорытындысы бойынша межелі көрсеткіштерге қол жеткізе алмаған жауапты тұлғаларға тәртіптік шаралар қолданылатыны ескертілді.