Абай облысында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар көп. Жалпы биыл, облыста құны 131,2 миллиард теңгені құрайтын 41 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Осы жобаларды жүзеге асыру аясында 3263 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Өңір басшылығының сөзінше осы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жалпы құны 34,62 миллиард теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба пайдалануға беріліп, 598 жаңа жұмыс орны құрылып отыр.
Атап өтерлігі осы жылдың 22 шілдесінде Аягөз ауданында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Aйдарлы» тау-кен байыту комбинатының іргетасын қалау рәсімі өтті. Кәсіпорын толық қуатына шыққан соң жылына 75 миллион тонна кен, 226 мың тонна концентраттағы мыс және 3,55 мың тонна концентраттағы молибден өндіреді деп жоспарлануда. Жалпы жобаны жүзеге асыру кезеңінде үш мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп көзделуде.
Ал жуырда Мақаншы ауданының Бақты ауылында мультимодальды құрғақ порт пен логистикалық парктің іргетасын қалау рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Берік Уәли, «Port Baqty» ЖШС құрылтайшысы Қайрат Итемгенов қатысты. Салтанатты іс-шарада сөз алған аймақ басшысы жаңа нысанның маңызына тоқталып, жобаның облыс үшін ғана емес, еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту бағытында стратегиялық мәнге ие екенін атап өтті.
– Бүгін біз Абай облысының ғана емес, бүкіл еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған маңызды жобаның басталуына куә болып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі жетекші транзиттік хаб ретіндегі рөлін күшейтуді және еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруды стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде айқындады. «Біз жаңа теміржол желілерін тартып, Транскаспий көлік бағыты, яғни, Орта дәліз арқылы жүк тасымалдау мүмкіндігін арттырып жатырмыз», – деп айрықша атап өткен болатын. Бақтыдағы бұл жоба – аталған міндеттерді іске асыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Бақты құрғақ порты – жай ғана инфрақұрылымдық жоба емес. Бұл – халықаралық сауда, көлік және логистика салаларын тоғыстыратын, өңірдің экономикалық өсіміне серпін беретін жаңа даму нүктесі. Біз бұл жобаның жаңа инвестицияларды тартуға, кәсіпкерліктің дамуына, экспорттық әлеуеттің артуына және шекара маңы аумақтарының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосатынына нық сенімдіміз. Облыс әкімдігі өз тарапынан жобаны жан-жақты сүйемелдеуді жалғастырып, оның табысты іске асырылуы үшін барлық қажетті жағдайларды жасауға дайын. Бұл жоба Абай облысының ғана емес, тұтас Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосады деп сенемін, – деді Берік Уәли.
Бақты мультимодальды құрғақ порты Достық және Қорғас өткелдерінен кейін Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол шекара өткелі болады. Жаңа логистикалық торап Қазақстан–Қытай шекарасының өткізу қабілетін жылына қосымша 20–25 миллион тоннаға арттырып, қолданыстағы өткелдердің жүктемесін азайтады.
Терминалдың жобалық қуаты – жылына 1 миллион контейнер. 2032 жылға қарай оның 700 мың контейнерге дейінгі көлемін игеру жоспарланған. Жобаның бірінші кезеңінде 210 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынып, 200 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Қаржыландыру жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады.
Кешен құрамында контейнерлік және астық терминалдары, қойма кешендері, кедендік және логистикалық инфрақұрылым, автокөлік терминалы мен сервистік нысандар салынады. Сонымен қатар жалпы ауданы 50 мың шаршы метрге дейін жететін бондтық қоймалар қарастырылған. Құрылыс кезеңінде 800–1200 адам жұмыспен қамтылады. Терминал толық іске қосылғаннан кейін 500–1000 тұрақты жұмыс орны құрылып, сервистік салалардың дамуы есебінен ауданда тағы 1500–2000 жаңа жұмыс орны пайда болады.
Жоба құрамында вахталық және шақырылған қызметкерлерге арналған 200 орынды қонақүй кешені салынады. Оның құрамында асхана, кір жуу орны, спорт залы және тәулік бойы жұмыс істейтін медициналық пункт қарастырылған. Инвестициялық бастаманы іске асыру 2026-2028 жылдарға жоспарланған. Жаңа кешеннің іске қосылуы өңірдің көлік-логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, халықаралық транзиттік дәліздердің өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар экспорт көлемін ұлғайтып, Мақаншы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына және жаңа инвестициялардың тартылуына оң ықпал етеді.
Қазіргі уақытта нысанды орналастыру үшін Мақаншы ауданы Бақты ауылдық округі аумағынан 150 гектар жер учаскесі белгіленді. Бастаманы жүзеге асыру бойынша жобалау, ұйымдастыру және дайындық жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.