Робот құрастыру, 3D-модель жасау, лазерлік құрылғымен жұмыс істеу. Бұған дейін мұндай дүниелер тек техникалық бағыттағы үйірмелерге қызығатын балалардың еншісіндей көрінсе, бүгінде бұл мүмкіндік ерекше қажеттілігі бар жетісулық балаларға да ұсынылып отыр.
Талдықорғанда қолға алынған жаңа бастама аясында 5-18 жас аралығындағы балалар заманауи инженерлік технологиялардың қыр-сырын меңгеруде. Сабақтар «Future-IT» робототехника мектебінде өтеді. Жоба мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қолдауымен жүзеге асуда. Курсты «QRobotics foundation» қоғамдық қоры балаларға тегін ұсынып отыр.
Жобаның ерекшелігі – мұнда барлық балаға ортақ бағдарлама ұсынылмайды. Қатысушылар жасы мен бастапқы дайындығына қарай топтастырылып, оқу қарқыны жеке мүмкіндіктеріне бейімделеді. 5-8 жастағы балалар үшін 24 сабақ қарастырылса, 9-18 жас аралығындағы қатысушылар 12 сабақ барысында күрделірек тапсырмалар орындайды.
Оқу бағдарламасы үш негізгі бағытты қамтиды. Балалар робототехника мен бағдарламалаудың негіздерін үйреніп, 3D-модельдеу арқылы өз идеяларын заттық үлгіге айналдырады. Сонымен қатар лазерлік технологияның көмегімен бұйым жасау тәсілдерін меңгереді.
Ең қызығы – нәтиже сабақ үстінде бірден көрінеді. Курсты аяқтаған әр қатысушы 3D-принтер арқылы кемінде үш бұйым жасап, лазерлік кесу технологиясымен тағы бір жұмыс әзірлейді. Яғни бала дайын өнімді алып қана қоймай, оның жасалу жолын өз қолымен меңгереді.
Мектеп директоры Дамир Нұркежанов үшін бұл жоба – тек робототехника үйірмесін ұйымдастыру емес, балаларға жаңа орта мен жаңа мүмкіндік қалыптастыру. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің физика-математика факультетін тәмамдаған маман осыдан жеті жыл бұрын мектептің негізін қалаған. Оның айтуынша, инклюзивті бағытты дамыту идеясы жеке өмірлік тәжірибесімен де байланысты.
«Ерекше қажеттіліктері бар балалардың заманауи цифрлық және инженерлік технологияларға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды. Сонымен бірге олардың әлеуметтенуіне және ерте кәсіби бағдар алуына жағдай жасағымыз келеді», – дейді Дамир Нұркежанов.
Балалармен робототехника, бағдарламалау және цифрлық өндіріс саласында тәжірибесі бар төрт маман жұмыс істейді. Әр сабақта тапсырмалар баланың мүмкіндігіне қарай түсіндіріліп, қажет болған жағдайда жеке сүйемелдеу көрсетіледі. Бұл тәсіл балалардың сабаққа еркін араласуына мүмкіндік береді.
Жобаға қатысып жүргендердің қатарында 10 жастағы Әлинұр да бар. Оны сабаққа әжесі Гүлнар Асанова алып келеді. Әлинұр робототехникаға бұрыннан қызығатындықтан, жаңа ортаға тез бейімделген.
«Мұнда балалармен бірге білім алғаны оған ұнайды. Робототехникамен айналысу ойлау қабілеті мен ұсақ моториканы дамытуға көмектеседі», – дейді Гүлнар Асанова.
Ұйымдастырушылар үшін курстың нәтижесі – баланың белгілі бір бұйым жасап шығаруымен ғана шектелмейді. Ең маңыздысы – оның бойындағы қызығушылықты қолдау. Мамандардың айтуынша, қатысушылардың арасынан бір бала технологияға шын қызығып, өз бағдарламасын жазуға талпынса, жобаның өзі мақсатқа жетті деуге болады.
Ал курс соңында балалар өз қабілетін жарыс алаңында сынап көрмек. Қалалық инклюзивті робототехника турнирінде қатысушылар «Роботтар сайысы» және кегльдерді уақытқа шығару бағыттарында бақ сынайды. Әр балаға сертификат, диплом және медаль табысталады.
Бір қарағанда, бұл – робототехника бойынша кезекті курс. Алайда оның мәні әлдеқайда терең. Өйткені балаға жаңа технологияны үйрету арқылы оған жаңа ортаға араласуға, өз күшін сынауға және болашақ мүмкіндігін елестетуге жол ашылады. Инклюзияның нақты нәтижесі де осындай қарапайым, бірақ маңызды қадамдардан басталады.