Тату көрші, маңызды стратегиялық серіктес

0 8

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинді елорда әуежайында қарсы алды.

Мәртебелі қонақты салтанатпен қарсы алу үшін әуежайда Құрмет қарауылы ротасы сап түзеп тұрды. Сондай-ақ Қазақстан мен Қытай халықтарының шынайы достығының белгісі ретінде балалар екі елдің жалауын желбіретіп, қошемет көрсетті. Балалар Төраға Си Цзиньпин бастаған ҚХР делегациясына ілтипат білдіріп, қытай тілінде ән шырқады.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинді салтанатты қарсы алу рәсімі «Ақорда» резиденциясында өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің кортежін өзі күтіп алды. Мәртебелі мейманның құрметіне Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің ұшақтары Президент сарайының алдынан Қытай туымен түстес қызыл, сары жолақ із қалдырып, ұшып өтті.

Президент, ең алдымен, шақыруын қабыл алып, елімізге мемлекеттік сапармен келгені үшін Си Цзиньпинге ризашылығын білдірді.

– Сіздің сапарыңыздың мән-мағынасы өте зор, ерекше деп айтуға болады. Қытай Халық Республикасы – тату көрші, маңызды стратегиялық серіктес әрі басты одақтас мемлекеттің бірі. Берік достыққа және өзара қолдауға негізделген қазақ-қытай қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатыр. Мен мұны үлкен қуанышпен атап өтемін. Сіз Қазақстан мен Қытайдың мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестігін нығайтуға зор үлес қостыңыз. Мұны жоғары бағалаймыз. Екі елдің ынтымақтастығын халықтарымыздың игілігі үшін жаңа деңгейге көтеру қажет деген бастамаңызды толық қолдаймын. Бүгінгі басқосуымызды осының айқын дәлелі деуге болады, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев барлық бағыт бойынша қарқынды дамып келе жатқан қазақ-қытай ынтымақтастығының жай-күйін жоғары бағалады.

– Қытай – біз үшін тату көрші ғана емес, жақын досымыз әрі уақыт тезінен өткен сенімді серіктесіміз. Біз ортақ тарихтың, тату көршілік қатынастардың және өзара қолдаудың мызғымас құндылықтарына сүйене отырып, шын мәнінде үлгі етерлік мемлекетаралық қатынасты жолға қойдық. Жылдан-жылға өзара байланыстарымыздың мазмұны байып келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Си Цзиньпин қазақ жерінде құрмет көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.

– Құрметті Президент мырза, қымбатты досым! Менің сапарыма мән беріп отырғаныңызға ризашылығымды білдіремін. Сіз Мемлекет басшысы қызметіне кіріскен сәттен бастап реформалар мен елдің дамуын белсенді әрі мақсатты түрде ілгерілетіп келесіз. Ішкі және сыртқы саясатта тиімді шаралардың тұтас топтамасын қабылдадыңыз. Соның нәтижесінде еліңіздің жалпы қуаты мен халықаралық беделі айтарлықтай артты. Тату көрші ретінде біз бұл жетістіктерге шын жүректен қуанамыз. Былтыр екеуіміз Сиань мен Бейжіңде екі рет кездесіп, жаңа жоспарларды белгіледік. Сондай-ақ «алтын отыз жылдықта» қытай-қазақ қатынастарын қарқынды дамытудың негізгі бағыттарын айқындадық. Қытай Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасты әрдайым стратегиялық тұрғыдан және ұзақмерзімді перспектива деңгейінде қарастыратынын растағым келеді. Сондай-ақ көршілес елдерге қатысты ұстанатын өзінің сыртқы саясатында Қазақстанға басымдық береді және Орталық Азиядағы маңызды серіктес ел санайды. Қытай-қазақ байланыстарын қамтамасыз етуде біздің ерік-жігеріміз бен ұстанымымыз өзгермейді және конъюнктуралық ықпалға ұшырамайды. Қытай әрқашан Қазақстанға сенімді тірек болатынын мәлімдеймін, – деді ҚХР Төрағасы.

Шағын құрамдағы келіссөзден кейін Қазақстан Президенті мен ҚХР Төрағасы екі елдің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің елімізге мемлекеттік сапарын Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға деген ұмтылыстың айқын көрінісі деп бағалайтынын айтты.

– Қазақстан елдеріміз арасындағы тату көршілік пен ғасырлар бойғы достықты нығайтуға ерекше мән береді. Біз бірлескен күш-жігеріміздің арқасында өзгелерге үлгі болатын және түрлі бағытты қамтитын мемлекетаралық ықпалдастық орнаттық. Біздің екіжақты қарым-қатынасымыз дамудың жаңа «алтын кезеңіне» өтті деп нық сеніммен айтуға болады. Екі ел арасындағы байланыстар тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуға, халықтарымыздың әл-ауқатын жақсартуға зор септігін тигізіп отыр. Былтыр өзара тауар айналымы 41 миллиард доллардан асты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қазіргі таңда 45 ортақ инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның жалпы құны – 14,5 миллиард доллар. Жобалар өнеркәсіп, энергетика, көлік-транзит, жасыл экономика, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларды қамтиды. Сонымен бірге, екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстары жандана түсті. Жоғары Мәртебелі Төраға, осы жетістіктердің бәрі Сіздің жеке қолдауыңыздың арқасында табысты жүзеге асқанын айрықша атап өткім келеді, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Қытайдың бейбіт бастамаларын қолдайды. Сондай-ақ халықаралық құқықтың негізгі қағидаттары мен БҰҰ Жарғысына негізделген әділ әлемдік тәртіпті қалыптастырудағы жетекші рөлі мен елеулі үлесін жоғары бағалайды.

– Сіздің «Адамзаттың біртұтас тағдыры қоғамдастығын құру» туралы бастамаңызды конструктивті рухта қолдауға дайынбыз. Біздің «Біртұтас Қытай» саясатына қатысты ұстанымымыз өзгермейді. Сондай-ақ терроризм, сепаратизм және экстремизм секілді «үш зұлым күшке» қарсы күрес жөніндегі ықпалдастықты қолдаймыз. Қытайдың бүкіл әлем елдерінің егемендігі мен тәуелсіздігін құрметтеуге шақыратын тұрақты ұстанымын бағалаймыз. Бүгінде Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі саналатынын бұған дейін де айттым. Өзара тауар айналымын еселеуге мол мүмкіндігіміз бар. Біздің елдің Үкіметі осы мақсатқа жету үшін табанды түрде жұмыс істейді. Қытай Қазақстан экономикасына салынған инвестиция көлемі бойынша жетекші орынға ие. Кейінгі 15 жылда оның көлемі 24 миллиард долларға жетті. Екі ел арасында визасыз режим күшіне енді. Қазір «Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы» өтіп жатыр. Мұның бәрі елдеріміздің түрлі саладағы ынтымақтастығын нығайтуға тың серпін береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде ҚХР Төрағасы Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқанына тағы да куә болғанын атап өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен қазақ халқы анағұрлым қуатты әрі өркендеген жаңа Қазақстан құратынына сенім білдірді.

– Ежелгі «Жібек жолынан» тамыр тартатын елдеріміздің достығы мыңдаған жылдар бойы үздіксіз нығайып келеді. Дипломатиялық қатынастар орнаған 32 жыл ішіндегі ынтымақтастық нәтижесінде екіжақты байланыстарымыз мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестіктің бұрын-соңды болмаған деңгейіне көтерілді. Оның арқауы – мәңгілік достық, өзара сенім мен ынтымақтастық. Халықаралық жағдай қалай құбылса да, достықты сақтауға ұмтылысымыз, сан қырлы ынтымақтастықты дамытуға деген табандылығымыз, негізгі мәселелер бойынша бір-бірімізді өзара қолдауға бейілділігіміз және ұлттық даму міндеттерін орындауға сеніміміз өзгермейтінін растағым келеді, – деді Си Цзиньпин. Бұдан бөлек, ҚХР Төрағасы Қазақстанның халықаралық аренадағы орта держава ретіндегі конструктивті рөлін қолдады.

Кездесу барысында тараптар электронды коммерция, автомобиль мен автобөлшек өндірісі, көлік-транзит және логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, қаржы, туризм салаларындағы инвестициялық ықпалдастықты дамыту перспективаларын талқылады. Екі ел басшылары сауда-инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру үшін тиісті механизмдер бар екеніне тоқталып, Қазақстан мен Қытай үкіметтері қазір және келешекте бизнес-жобалардың табысты жүзеге асырылуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін растады.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин өңіраралық кооперация мен мәдени-гуманитарлық саладағы ықпалдастықты тереңдету жөнінде пікір алмасты. Мемлекет басшысы Астанада Бейжің Тіл және мәдениет унверситеті филиалы мен «Лу Бань шеберханасының» ашылуын қолдап, екі елдің ғылым және білім салаларындағы байланыстарының кеңеюі екі елдің мүддесіне сай келетінін айтты.

Қазақстан мен Қытай басшылары Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк көліктері мен теміржол контейнерлерін жөнелту рәсіміне телекөпір режимінде қатысты. Іс-шара қатысушыларына Ұлы Жібек жолы бағытымен жүретін транзиттік рейс туралы бейнеролик көрсетілді. Шара соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Төраға Си Цзиньпин жүк паромдарының қозғалысын іске қосты.

Содан кейін екі ел басшылары Қазақстанның Бейжіңдегі және Қытайдың Астанадағы мәдени орталықтарын салтанатты түрде ашты. Бұл орталықтар екі мемлекеттің гуманитарлық ынтымақтастығын дамытудың жаңа кезеңіне жол ашады. Сондай-ақ достас екі ел халықтары арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған түрлі мәдени шаралар, көрмелер, дәрістер мен шеберлік сабақтарын өткізуге арналған алаңға айналады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин Астана халықаралық университетінің базасында Бейжің Тіл және мәдениет университетінің филиалын ашты. Мұны айтулы оқиға деуге болады. Қазақстан мен Қытай жоғары оқу орындарының ынтымақтастығы студенттердің терең білім алуына және кәсіби тұрғыда өсуіне зор мүмкіндік береді және олардың тілдік дағдыларды, мәдениетаралық коммуникацияны және ғылыми зерттеу әдістерін меңгеруіне ықпал етеді.

Бұл жобалардың табысты жүзеге асырылуы мәдениет және білім салаларындағы өзара алмасуларды жандандыру, екі ел арасындағы саяси және экономикалық қатынастарды дамыту жолындағы маңызды қадам болмақ.