Табиғат аясындағы демалыс

0 13

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнін мерекелеуді республикалық «Салық тәртібі» газетінің үлкен шығармашылық ұжымы Т.Рысқұлов ауданы аумағындағы «Тауқымыз» демалыс орталығында қорытындылады.

Биыл республикадағы алғашқы тәуелсіз басылымдардың бірі саналатын «Салық тәртібі» газетінің жарыққа шыққанына 30 жыл толып отыр. Басылымның алған асуы, жеткен жетістігі туралы әңгіме бөлек.

Былтыр Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған Шерхан Мұртаза атындағы облыстық спартакиадада  редакция командалары арасында екінші орын алған «Салық тәртібі» газетінің командасы биыл тағы да 12 команданың арасында  жүлделі екінші орынды иеленді.

Саламатты өмір салтын  берік ұстанатын әріптестер демалыс орнында бассейінде жүзіп,  дойбы ойнады, доп қуды. Алты қанат ақбоз үйде  дәм татып, тараздық өнерпаз жігіттердің өнерін тамашалады. Шығармашылық ұжымның барлық мүшесіне мерекелік ақшалай сыйлық тапсырылды.

Бір-біріне ізгі тілегін арнаған әріптестер «Салық тәртібі» газетінің жанынан шығатын облыстық «Әулиеата» газетінің бас редакторы Қуаныш Иембердиевті «Қазақстанның Құрметті журналис» атағына ие болуымен, үш аудандық газеттің директоры Олжас Иенбергенді «Шапағат» медалімен марапатталуымен және басқа да түрлі марапатқа ие болған әріптестерін құттықтады. Талас аудандық «Талас тынысы» газетінің бас редакторы Дүйсен Молдақұлов аталық ақ батасын берді.

Шығармашылық ұжымды ынтымақ-бірлікке бастайтын бастамалардың бастауында тұрған «Салық тәртібі» газетінің бас редакторы, белгілі менеджер-журналист Ғалым Қасабайға әріптестері ризашылығын жеткізіп, алғыстарын жаудырды.

Амангелді ӘБІЛ.