Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраевпен кездесіп, екіжақты және өңірлік ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда, министрлер Сырдария өзеніндегі су бекеттерін автоматтандыру мен суды есепке алуды цифрландыру жөнінде сөйлесті. Қазақстан мен Өзбекстан заманауи суды есепке алу жүйесі орнатылатын 10 бекет туралы келісімге келді.
Нұржан Нұржігітов халықаралық қаржы ұйымдарымен және компаниялармен жобаны бірлесіп іске асыру бойынша келіссөз жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, тараптар келесі жылғы суару маусымына дейін Нарын-Сырдария су қоймалары каскадының жұмыс тәртібін талқылады. Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының алдағы отырысында су қоймалары жұмысының болжамды кестесі жасалып, су беру көлемі бекітілетін болады. «Халықаралық Аралды құтқару қорының отырысына белсенді қатысқан және ұсыныстарымен бөліскен өзбекстандық әріптестерімізге үлкен рахмет айтамын. Бір жыл ішінде біз бірлескен жұмысымыздың оң нәтиже беретініне көз жеткіздік, сондықтан екіжақты тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттіміз. Көптеген мәселелер бойынша біз ортақ келісімге келдік. Бұл бізге күн тәртібіндегі мәселелердің көпшілігін өзара тиімді негізде шешуге мүмкіндік береді», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Өз кезегінде Шавкат Хамраев Өзбекстан Халықаралық Аралды құтқару қоры аясында да өзара іс-қимылды нығайтуға ниетті екенін мәлімдеді. «Өзбекстан Қазақстанның Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалығын толық қолдайды. Біз осы бағыттағы өзара іс-қимылды күшейтіп, бірлескен жобалармен жұмыс істегіміз келеді. Мысалы, Сырдария және Амудария өзендері бассейндерінің экожүйесін сақтау, жергілікті тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, шағын және жергілікті су айдындарын қалпына келтіру және т.б. іс-шараларды іске асыруға ниеттіміз», деді Өзбекстан Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев.
Бұдан бөлек, тараптар су ресурстарын ұтымды пайдаланудың өңірлік стратегиясын әзірлеу мәселесін талқылады. Келіссөз қорытындысы бойынша министрлер кездесу хаттамасына қол қойды.