Ерлік пен адалдықтың үлгісі

0 3

Дихан ауылының тумасы Иманғали Кәрібай бүгінде Талдықорған қаласындағы Ұлттық ұланның 5514 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Ол өзінің әскери қызметін тек міндет деп санамайды, бұл – ар мен намыстың өлшемі екенін айтады.

Иманғали өз сөзінде «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды», «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгінген ер ғана нағыз азамат» деген ұлағатты сөздерді өз өмірлік ұстанымы ретінде алға қойғанын атап өтті. Оның айтуынша, осы нақылдар әрбір жас сарбаздың жүрегінде темірқазықтай орнығуы тиіс.

– Әскери өмір адамды өзгертеді. Ол сенің әлсіз тұсыңды көрсетіп қана қоймай, оны жеңуге үйретеді. Тәртіпке бағыну арқылы еркіндіктің шын мәнін түсінесің, – дейді Иманғали.

Спорт, әсіресе грек-рим күресі, оның мінез-құлқының қалыптасуына айтарлықтай әсер еткен. Ауылдағы бапкері Бекжігіт Құрымбетов ағайдың үйреткені әскери қызметте де көмегін тигізуде.

Иманғалидің айтуынша, өміріндегі ең әсерлі сәттердің бірі – 2016 жылы ауылында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне орнатылған ескерткіштің ашылуына қатысып, қазақтың даңқты балуаны Жақсылық Үшкемпіровтан бата алған кезі.

– Батырдың батасы жігер берді, сенім ұялатты. Сол сенім мені алға жетелеп келеді, – дейді жас жауынгер.

Иманғали Кәрібай әскери қызметті тек қару ұстау немесе күзетке тұру деп есептемейді. Ол үшін бұл – елдің тыныштығын сақтау, халықтың амандығын қорғау. Әрбір күні ол өз қызметін туған жеріне, ата-анасына, Отанға адалдықпен атқарады.

– Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар. Мен сол сенімді ақтау үшін, Отанымның әрбір тыныш күнін қорғауға әрдайым дайынмын, – дейді Иманғали.

Туған жердің амандығы – оның серті, халықтың тыныштығы – басты міндеті. Қай жерде жүрсе де, қандай қызмет атқарса да, Иманғали Кәрібай үшін Отанға адалдық бәрінен биік.