Су тапшылығы мәселесін шешу жолдары талқыланды

0 13

ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық Ғылым академиясы Алматы облысында «Ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту: су ресурстарын тиімді және қауіпсіз басқару» тақырыбында «Егінжай күні» ғылыми-практикалық семинарын өткізді. Семинарда су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі, ауылшаруашылығы вице-министрі, Алматы және Жетісу облыстарының әкімдері, жетекші ғалымдар мен сарапшылар, сондай-ақ ауылшаруашылығы құрылымдарының, ірі кәсіпкерлер мен агробизнес өкілдері бас қосты. Іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған делегация қатысты.

Пленарлық отырыста су тапшылығының негізгі себептері, оның ел экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігіне тигізер әсері талқыланып, мәселені шешудің жолдары қарастырылды.

Ұлттық Ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев су мәселесінің өзектілігіне тоқталып, барлық ұсыныстар мен пікірлер мұқият зерделенетінін атап өтті.

– Су ресурстарының негізгі тұтынушысы ауылшаруашылығы саласы, оның үлесіне елдің жалпы су тұтыну көлемінің шамамен 70 пайызы тиесілі. Егер біз кешенді тәсіл негізінде су ресурстарын тиімді басқаруды үйренсек, онда су тұтыну көлемін кемінде 50 пайызға қысқартып, ауылшаруашылығы дақылдарының өнімділігін 1,5 есе арттыра аламыз. Бұл теория емес, біздің озық шаруашылықтарымыздың нақты көрсеткіштері, — деді Ақылбек Күрішбаев.

Отырыста облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те сөз сөйлеп, суармалы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында атқарылған жұмыстар мен жоспарланған шаралар жоспарын таныстырды.

– Мемлекет басшысы ауылшаруашылығы саласын дамытуға барынша қолдау көрсетіп, мемлекеттік бағдарламалардың оң іске асуына баса назар аударуда. Ауылшаруашылығы нағыз еңбекті қажет ететін сала. Дегенмен, елде, оның ішінде оңтүстік өңірлерде ағын су мәселесі өзектілігін жоймай тұр. Ал бұдан шығудың бірден-бір жолы – егін шаруашылығына су үнемдеу технологиясын мүмкіндігінше кеңінен енгізу. Нәтижесінде ағын суға тәуелділікті барынша азайтуға мүмкіндік аламыз. Су жүйелерін қалпына келтіру арқылы суармалы судың пайдалану коэффицентін арттыру, жер асты суларын ұңғыма қазу арқылы мейілінше пайдалануымыз қажет. Жалпы заманауи технологияларды енгізуге барлық жағдай жасалуда, — деп атап өтті Ербол Қарашөкеев.

Аймақта суармалы жердің көлемі 182 мың гектарды құрайды. Оның ішінде, 142 мың гектар жер жерүсті әдісімен суарылады, 28,5 мың гектар алаңда заманауи жаңбырлатып суару және 11,5 мың гектарға тамшылатып cуару жүйесі қолданылуда. Бүгінгі күнге дейін 7 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілді. Ағымдағы жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 55 мың, 2025 жылға 65 мың гектарға, ал 2030 жылға дейін 100 мың гектарға жеткізу көзделуде.

Жамбыл облысында жаңбырлатып суару технологияларын жинайтын сервистік орталық құрылады. Сондай-ақ Шу ауданындағы арнайы экономикалық аймақта су үнемдеу технологиясына арналған құрылғыларды шығаратын зауыт ашу жоспарлануда. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату арқылы 1,4 миллиард теңгеге су үнемдеу технологиясы бойынша екі жоба іске қосылатын болады. Жалпы су үнемдеу технологияларын енгізу жобалары 2024-2025 жылдары 12,5 мың гектарға 15,1 миллиард теңгені құрайтын 31 жобаны енгізу іске асырылмақ.

Ғылыми-практикалық семинар барысында су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз, ауылшаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев сөз сөйледі. Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Шолпан Бастаубаева, Қазақ география және су қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Ахметкал Медеу, Қазақ Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Нұрлан Балғабаев, Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Бахытжан Дүйсембеков, «Ирригатор Қазақстан» ЖШС (Metzer Kazakhstan) Бас директоры Мұрат Ақшалов күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша баяндама жасап, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.

Сонымен бірге аграрлық-өнеркәсіптік кешенде су ресурстарын пайдаланудың перспективалық технологиялары тақырыбында форсайт-сессия өтті. Қатысушылар Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ-дың егістік алқабымен танысып, ауылшаруашылығы техникасы мен жабдықтарының, ғылыми әзірлемелер және өндірістік өнімдердің көрмесін тамашалады.