Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі су шаруашылығы инфрақұрылымының жай-күйімен және оны жаңғырту бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты. Жұмыс сапарына Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.
Алдымен делегация «Шардара СЭС» акционерлік қоғамының қызметімен танысып, стратегиялық маңызы бар нысанның өндірістік әлеуеті мен техникалық мүмкіндіктерін зерделеді. Кездесу барысында өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ирригациялық жүйелерді жаңғырту және су ресурстарын тиімді басқару мәселелері кеңінен талқыланды.
Жиында «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының басшылығы халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар туралы баяндама жасады. Атап айтқанда, Ислам даму банкі мен Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаржыландыруы арқылы суару жүйелерін қайта жаңғырту, каналдарды қалпына келтіру және гидротехникалық инфрақұрылымды жетілдіру бағытында бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Бұл бастамалар су ресурстарын тиімді пайдалануға, су шығынын азайтуға және ауылшаруашылығы саласының тұрақты дамуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеп жатқан жаңа жобалар мен саланы дамытуға бағытталған бастамалар таныстырылды. Жаңа жобалардың негізгі мақсаты – су шаруашылығы нысандарының сенімділігін арттыру, ирригациялық жүйелердің тиімділігін көтеру және климаттық өзгерістер жағдайында су ресурстарын ұтымды басқаруды қамтамасыз ету.
Бұдан кейін Қанат Бозымбаев бастаған жұмыс тобы «Шардара» су қоймасына барып, су деңгейін, гидротехникалық құрылыстардың жұмысын және олардың техникалық жай-күйін бақылады. Мамандар су қоймасының қазіргі ахуалы, су жинау көлемі мен қауіпсіз пайдалану шаралары жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Жұмыс сапары барысында вице-премьер су шаруашылығы саласының мамандарымен пікір алмасып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және халықаралық тәжірибені енгізу мәселелері бойынша айтылған ұсыныстар бақылауға алынып, оларды іске асыру бағытында жауапты мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берілетіні айтылды.
Айта кетейік, Түркістан облысы – еліміздің суармалы егіншілік кеңінен дамыған өңірлерінің бірі. Сондықтан өңірдегі су шаруашылығы жүйесін жаңғырту, гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері ауылшаруашылығының тұрақты дамуы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды бағыттардың бірі болып саналады.