Солтүстік Қазақстанда сүт өндірісін өркендетуге бағытталған ірі жобалардың бірі іске қосылды. Мағжан Жұмабаев ауданында «СК Агро 2050» ЖШС 12 мың басқа арналған мегаферманың алғашқы кезеңін пайдалануға берді. Жаңа кешеннің жұмысы заманауи технологияларға негізделіп, өңірдегі тауарлы-сүт фермаларының әлеуетін арттыруға бағытталған.
Ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов кәсіпорынның жұмысымен танысты. Мұнда орнатылған жабдықтың мүмкіндігі де жоғары. Германияның «GEA Westfalia» компаниясы шығарған карусель үлгісіндегі сауу қондырғысы бір мезетте 100 сиырды саууға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, бұл Қазақстан мен Орталық Азиядағы осындай үлгідегі ең ірі қондырғы.
Кәсіпорынға құйылған инвестиция көлемі – 30 млрд теңге. Мегаферма толық қуатына шыққанда 120-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Өндірістің негізгі шикізат базасын қалыптастыру үшін асыл тұқымды мал әкелу де қолға алынған. Жыл басынан бері Германиядан 550 бас ірі қара жеткізілді. Жыл соңына дейін Еуропа елдерінен тағы 660 бас мал әкелу жоспарланып отыр.
Өңірдің сүт шаруашылығындағы бұл бағыттың қарқыны да жаман емес. Қазір Солтүстік Қазақстанда 118 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. Оның жартысына жуығы заманауи автоматтандырылған, яғни «ақылды» кәсіпорын үлгісіне көшкен. Жалпы, сүтті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша облыста құны 144,5 млрд теңге болатын 44 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Аудандағы басты жұмыс тек мал шаруашылығымен шектелмейді. Қазір егіс алқаптарында науқан қызған. Өңір басшысы ауданға сапары кезінде егін орағының барысын да көріп, шаруалардың жұмысымен танысты.
Жергілікті шаруалардың ауылдарға көрсетіп отырған қолдауы да назар аударуға тұрарлық. Биыл аудан әкімдігі мен ауылшаруашылығы құрылымдары арасында 1,3 млрд теңгенің меморандумы жасалған. Соның нәтижесінде елді мекендерде бірқатар әлеуметтік жоба қолға алынды.
Чистополье ауылындағы Мәдениет үйі 300 млн теңгеге күрделі жөндеуден өтті. Таман ауылында 80 млн теңгеге жаңа стадион салынды. Ал 11 ауылдық округ тұрғындарының медициналық қызмет алу мүмкіндігін жақсарту мақсатында 10 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші жаңа медициналық көліктермен қамтамасыз етті.
Булаево қаласында балаларға арналған нысан да жаңарып келеді. Жас техниктер үйіндегі күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Ғимарат пайдалануға берілгеннен кейін мұнда робот техникасы, картинг, авиамодельдеу және сәндік-қолданбалы өнер бойынша тегін үйірмелер ашылады. Яғни ауыл балалары үшін техникалық бағытта білім алып, қабілетін шыңдауға жаңа мүмкіндік туады.
Ауданның жол қатынасы да біртіндеп жақсарып келеді. Биыл «Булаево – Молодогвардейское» және «Петропавл – РФ шекарасы» автомобиль жолдарын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса облыстық және аудандық маңызы бар жолдар жөнделіп жатыр. «Булаево – Советское» жолында ағымдағы жөндеу басталса, «Ұзынкөл – Возвышенка» бағытындағы жолдың орташа жөндеуі аяқталуға жақын.
Бір ауданның тыныс-тіршілігіне қарасақ, мұнда ауылшаруашылығы өндірісін ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік нысандарды жаңарту және жол сапасын жақсарту жұмыстары қатар жүріп жатқанын аңғаруға болады. Ал 30 млрд теңгелік мегаферманың іске қосылуы осы өзгерістердің ішіндегі ең ауқымды жобалардың бірі болып отыр.