Шымкентте жолайырық ашылды

0 1

Шымкент қаласында көлік қозғалысын жеңілдетуге бағытталған тағы бір маңызды жоба жүзеге асты. Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысында жаңа жол-көлік айырығы пайдалануға беріліп, эстакада арқылы автокөліктердің қозғалысы басталды. Салтанатты іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.

Жаңа жолайырық мегаполистің көлік жүйесін жетілдіру және жол қозғалысы қарқынды учаскелердегі жүктемені азайту мақсатында салынды. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың соңында Мемлекет басшысының Шымкент қаласының көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес қолға алынған еді.

Бүгінде нысандағы негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, жол белгілері орнатылып, қажетті таңбалар түсірілді. Эстакаданың іске қосылуы көлік ағынын тиімді ұйымдастыруға және аталған қиылыстағы қозғалысты реттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл жоба қаланың ұлғайып келе жатқан аумақтарындағы жол инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жұмыстардың жалғасы саналады.

Ашылу рәсімінде қала әкімі жол желісін дамыту кезінде тұрғындардың күнделікті қажеттіліктері мен қаланың қарқынды өсу қарқыны ескерілуі керектігін атап өтті. Оның айтуынша, заманауи инженерлік шешімдерді енгізу арқылы көлік кептелістерін азайтып қана қоймай, қала ішіндегі қатынасты ыңғайлы әрі қауіпсіз етуге болады. Сондай-ақ, аудандар арасындағы көлік байланысын жақсарту мегаполистің тұрақты дамуы үшін маңызды.

Жолайырықтағы жұмыстар толық аяқталған жоқ. Қазіргі уақытта нысанның төменгі бөлігінде айналма қозғалысты ұйымдастыру, оң жақ өткел тармақтарын ретке келтіру және жерасты жаяу жүргіншілер өткелдерін абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл шаралар көлік жүргізушілерімен қатар, жаяу жүргіншілердің де қауіпсіз әрі қолайлы қозғалуына жағдай жасауға бағытталған.

Жоба аясында жолайырыққа іргелес аумақтарды абаттандыру да қарастырылған. Құрылысқа қатысты барлық жұмысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Осыдан кейін нысанның көлік өткізу мүмкіндігін толық пайдаланып, жол қозғалысын ұйымдастырудың тиімділігін арттыру көзделген.

Жаңа эстакаданың ашылуы Шымкенттің жол инфрақұрылымын жаңарту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Қала аумағы кеңейіп, көлік саны артқан сайын жол қатынасын жетілдіру мәселесі де өзектілігін сақтап отыр. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа жолайырық тұрғындардың уақытын үнемдеуге, қозғалыс қолайлылығын арттыруға және қалалық көлік жүйесінің тиімділігін жақсартуға үлес қосады.