Мақтаарал ауданындағы шаруалар үшін қазір егіс даласындағы еңбектің өтеуі таразыға түсетін кезең. Бірнеше ай бойы күтіп-бапталған мақта алқаптарында алғашқы өнім жиналып, қабылдау орындарына жөнелтіле бастады. Алдағы күндері жиын-терім жұмыстарына тартылатын техникалар саны артып, науқанның қарқыны күшейе түспек.
Биыл аудан диқандары мақта өсіруге 35,5 мың гектардан астам жер бөлген. Маусым басынан бері егістіктің жай-күйін бақылауда ұстап, қажетті жұмыстарды кезеңімен атқарған шаруалар енді өсірген өнімін жинауға кірісті.
Жыл бойғы еңбектің нәтижесіне әсер ететін маңызды факторлардың бірі – суару. Осы бағытта мақта алқаптарындағы жазғы вегетациялық суару толық аяқталған. Өсімдіктің жетілу кезеңіндегі қажетті агротехникалық шаралардың орындалуы қазір егістіктегі өнімді жинауға мүмкіндік беріп отыр.
Қазіргі уақытта ауданның бірқатар алқабында мақта терімі басталып кетті. Бүгінге дейін 174,5 гектар аумақтан 478 тонна шитті мақта жиналған. Алдын ала есеп бойынша орташа түсім гектарына 27,4 центнер шамасында.
Жиын-терім науқанына ерте кіріскен шаруашылықтардың бірі – «Бірлік 2» шаруа қожалығы. Мұнда Атабек Қожабеков басшылық ететін алқаптардағы көрсеткіш көңіл көншітерлік. Шаруашылық егістігінде әр гектардан шамамен 40 центнер өнім алынуда.
Мақта терімінің қарқынын арттыруда техникалық мүмкіндіктің жеткілікті болуы да маңызды. Қазіргі кезде аудан шаруаларының иелігінде 237 мақта теретін комбайн бар. Оның 24-і бүгінде тікелей егістік жұмыстарында пайдаланылуда.
Алқаптардың барлығында мақта бір мезетте пісіп-жетілмейтіні белгілі. Сондықтан техника дақылдың дайын болуына қарай кезекпен жұмылдырылады. Осы орайда дефолиация жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде бұл шара 29 мың гектардан астам жерді қамтыған. Қалған аумақтағы жұмыстарды да жақын күндері аяқтау жоспарланып отыр.
Дефолиацияның аяқталуы терім науқанының екінші кезеңіне жол ашады. Яғни, мақта көсектері толық ашылған алқаптарға комбайндарды көбірек шығарып, өнімді қысқа мерзімде жинау мүмкіндігі артады. Бұл ретте техниканы тиімді бөлу мен оның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету шаруашылықтар үшін аса маңызды.
Мақта – Мақтааралдың ауыл шаруашылығындағы дәстүрлі әрі экономикалық маңызы жоғары дақыл. Сондықтан биылғы өнімді жинау науқаны тек шаруалардың жылдық еңбегінің қорытындысы емес, ауданның аграрлық әлеуетін айқындайтын маңызды кезең болып отыр.
Алдағы уақытта басты міндет – пісіп тұрған мақтаны уақыт оздырмай жинау, техниканы барынша тиімді пайдалану және өнімнің далада ысырап болуына жол бермеу. Қазір Мақтааралдың кең алқаптарында осы мақсаттағы жұмыстар жалғасып жатыр.