Семейдегі сауда нысандары жаңғыртылуда

0 1

Семей қаласындағы сауда орындарын жаңғырту жұмыстары қарқын алып, бірқатар нысанда құрылыс және абаттандыру шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бұл мәселе облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте қаралып, жауапты басқармалар мен қала әкімдігіне нақты тапсырмалар берілді.

Жиында кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков Семейдегі сауда базарлары мен сауда үйлерін жаңғырту жұмыстарының барысы туралы баяндады. Аталған жұмыстар Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмасын орындау мақсатында бекітілген жол картасы аясында жүргізілуде. Негізгі мақсат – сауда нысандарын заманауи талаптарға сәйкестендіріп, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, сондай-ақ қаланың сәулеттік келбетін жақсарту.

Қазіргі уақытта Семейдегі бірнеше ірі сауда нысанында нақты жұмыстар атқарылып жатыр. «СМОКК» базарында құрылыс-монтаж жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Ал «МЕРЕКЕ» базарында демонтаждау жұмыстары қолға алынып, екінші және үшінші сауда қатарлары толық бұзылған. Қазір мұнда бетон құюға дайындық жүріп жатыр.

«Ақшың» базарында ғимараттың қасбетін сырлау жұмыстары аяқталған. Енді нысанды одан әрі жаңғыртуға қатысты мәселелер пысықталуда. Сонымен бірге облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес «ЖАНСАЯ» базары мен «НИВА» сауда үйінде де ауқымды жұмыстар атқарылуда.

«ЖАНСАЯ» базарында қасбет жаңартылып, фиброцементті плиталар орнатылуда. Бұдан бөлек, шатырды сырлау және аумақты абаттандыру жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша негізгі жұмыстарды қыркүйек айында аяқтау көзделген. «НИВА» сауда үйінде шатыр толық ауыстырылып, ғимараттың қасбеті сырланған. Техникалық бөліктегі жөндеу жұмыстары да аяқталуға жақын. Қазір нысан аумағына үш жаңа сауда павильоны орнатылуда. Одан кейін кіреберіс бөлігін гранитпен қаптап, аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Сауда үйін қыркүйек айында қайта ашу жоспарланып отыр.

Сауда нысандарын жаңғыртуға бағытталған жұмыстар басқа кәсіпкерлерге де серпін беріп отыр. Мәселен, «Ұлар» сауда үйінде қасбетті заманауи қаптау материалдарымен жаңарту басталды. Әуезов даңғылындағы «Жаңа-Базар» және «Жаңа Семей» сауда үйлерінің эскиздік жобалары келісіліп, құрылыс-монтаж жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Бұрынғы «Мереке» дүкенінің ғимараты да қайта жаңғыртылып жатыр. Жұмыстар аяқталған соң бұл нысанды қоғамдық тамақтану орны ретінде пайдалану жоспарланған.

Мұндай өзгерістердің қала тұрғындары үшін маңызы зор. Өйткені сауда орындары – халық күнделікті пайдаланатын нысандардың бірі. Сондықтан олардың сыртқы келбеті ғана емес, қауіпсіздігі, тазалығы, инфрақұрылымы мен келушілерге жасалған жағдайы да заманауи талаптарға сай болуы қажет. Осы тұрғыдан алғанда, сауда нысандарын жаңарту Семейдің сәулеттік келбетін жақсартумен қатар, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Кеңейтілген аппараттық кеңесте облыс әкімі жауапты басқармалар мен қала әкімдігіне сауда базарларын жаңғырту бойынша жол картасының уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ «ЖАНСАЯ» мен «НИВА» сауда үйлеріндегі жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау, «СМОКК» базары маңындағы жол қозғалысын реттеу мүмкіндігін қарастыру және заңсыз нысандарды ретке келтіру бойынша шаралар қабылдау міндеті жүктелді.

Берік Уәли сауда нысандарын жаңғырту тек Семей қаласымен шектелмеуі керектігін атап өтті. Оның айтуынша, аудан орталықтарындағы сауда орындары да заман талабына сай болуы тиіс. Себебі кәсіпкерлік нысандардың сыртқы келбеті елді мекеннің жалпы сәулеттік бейнесіне әсер етеді.

Жалпы, Семейдегі сауда орындарын жаңғырту жұмыстары қаланың инфрақұрылымын жетілдірудің маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Жаңарған қасбеттер, абаттандырылған аумақтар, заманауи сауда павильондары мен ретке келтірілген нысандар шаһардың көркін арттыра түспек. Ең бастысы, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен белгіленген мерзімнің сақталуы тұрақты бақылауда болуы тиіс.