Рекордтар кітабына енген «Аламан құрақ»

0 3

2023 жылы 4 маусым күні қазақтың қолөнер тарихында жаңа белес басталды. Астана қаласының «Қазақ елі» алаңында 200 құрақшы 500 метрлік алып құрақ көрпені жайды. КИнЭС рекордын орнаттық. Осы күннен бастап «Аламан құрақ» жобасы халықтың жүрегінен орын алып, қанатын кеңге жайды. 

Келесі жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында 450 құрақшы бас қосып, жалпы көлемі 11200 шаршы метрді құрайтын көрпе жайылды. Әлемнің 89 елінен келген қонақтарға қазақтың құрақ өнері таныстырылды. Киелі Тайқазанның маңында ұлттық әндер шырқалып, ұлттық киім киген құрақшылар әлемді қазақ өнерінің сұлулығымен таныстырды. Осылайша КИнЭС рекорды жаңғыртылды. 2025 жылы Медеу мұз айдынында 660 құрақшы бас қосып, жалпы көлемі 1366,8 шаршы метрді құрайтын үлкен композициялы құрақ көрпе жайды. Қазақтың мақтанышы – апорт алмасын қорғау идеясын  көтерген іс-шарада 660 алмадан жасалған ерекше инсталляция ұлттық мұраны қорғаудың жарқын үлгісіне айналды. Жоба GBR күміс төсбелгісін иеленді. Ал биыл Өскемен қаласында, Өр Алтайдың төрінде 789 құрақшы бас қосып, қазақтың қолөнер тарихында тағы бір алтын парақ жазылды. Ұлттық өнердің қуаты мен халықтың қуаты әлемді тағы бір таңғалдырды. Жоба GBR алтын төсбелгісін иеленді.

Бүгінде «Аламан құрақ» – теңдесі жоқ жоба. Қазақ еліне әлемдік деңгейде құрақ көрпемен рекорд жасау бұйырыпты. 6 жастан 93 жасқа дейінгі қатысушылардың басын қосып ұлттық өнерді жаңа деңгейге көтерді. Бүгінде «Аламан құрақ» халықаралық деңгейде мойындалып, GIobal Best of Records рекордтар кітабына енгізіліп отыр. Қанжығаларына алтын және күміс төсбелгілер, ордендер мен халықаралық сертификаттар байланды.

«Аламан құрақ» жобасының көшбасшысы Нұргүл Абайхан 1 шілде күні Алматы қаласында әлемдік рекорд жасаған құрақшыларды салтанатты түрде орденмен марапаттау рәсімін өткізді. Бұл мәртебелі іс-шарада GIobal Bestof Records бас генерал-офицері Қуандық Құдайберген мырза халықаралық рекордтар мен ұлттық жетістіктерге үлес қосқан қатысушыларға ордендерді салтанатты түрде табыстады. Тарихта болмаған дүние. Аламан құрақ бірінші боп әлемде GBR орденін алды. Бұл үйде отырған аналардың 4 жылғы тау қопарған еңбегінің жемісі.

Жамбыл облысы бойынша 57 құрақшыны басқарған Борсықова Жазираға айтар алғысы мол аналарымыздың. Осы жобаның орындалуына біздің мойынқұмдықтар да өз үлестерін қосты. Жеті құрақшыдан бастау алған өнер бүгінгі таңда 13 құрақшының кеудесіне орден боп жарқырап тағылып отыр. Тігін тігудің барлық қыр-сырын меңгерген аналарымызды ұйымдастырушы Алмаш Таубазарованың еңбегін ерекше атап өткеніміз жөн. Орден иегерлері: Таубазарова Алмаш Шолпанқұлқызы, Қалымбетова Ақмарал  Шолпанқұлқызы,  Даметова Аманкүл  Сейілханқызы, Қорысбаева Ляйля Бекназарқызы, Көкежанова Марал Абдуллақызы, Аденова Гүлмира Нағымқызы, Станбекова Тазакүл Әліпқызы, Сейтжанова Жазира Кеңесқызы, Бекбаева Орынкүл Молдашқызы, Жұбайділдаева Әнипа Сабырханқызы,  Желдікбаева Гүлжан Серікбайқызы. Әр қиық матада осы аналардың алақанының жылуы бар. Әр өрнекте ата-бабадан қалған тарих бар. Әр көрпеде ұлттың рухы бар.

«Аламан құрақ» – аналардың аманаты, әжелердің ақ батасы, қыз-келіншектердің шеберлігі. Бұл – ұрпақ пен ұрпақты жалғайтын алтын көпір. «Аламан құрақ» бірлік пен берекенің, ұлттық өнер мен дәстүрдің үлкен мерекесі.