Шағын және орта бизнес – өңір экономикасының тұрақты дамуына серпін беретін негізгі күштердің бірі. Қарағанды облысында кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар қаржылай көмектен бөлек, өндірісті дамытуға, ауылдық жерлердегі бизнесті жандандыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған кешенді жүйеге айналып отыр.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өңірдегі кәсіпкерліктің қазіргі ахуалы мен бизнесті қолдау тетіктері талқыланды. Жиында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы міндеттер белгіленді.
Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиевтің мәліметінше, бүгінде өңірде 94,5 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл салада 246 мың адам еңбекпен қамтылған. Биылғы жылдың алғашқы жартысында кәсіпкерлік субъектілері шамамен 5 триллион теңгенің өнімін өндірген. Сонымен қатар бюджетке түскен салық көлемі 222,1 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 12,3 пайызға артқан.
– Мемлекеттік қолдаудың басты мақсаты – кәсіпкерлер үшін қаржыландыру мүмкіндігін кеңейтіп, қаражатты нақты өндірістік жобаларға бағыттау. Биыл 57,2 миллиард теңгені құрайтын 416 жоба қолдау тапты, – деді Асқар Ғазалиев.
Өңірде кәсіпкерлікті дамытуға арналған түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – ауылдық аумақтардағы бизнесті қолдауға бағытталған «Іскер аймақ» жобасы. Бағдарлама аясында жеңілдетілген несие беру, инфрақұрылымдық және консультациялық көмек көрсету қарастырылған. Бұл бастама ауылдар мен шағын қалалардағы экономикалық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Кәсіпкерлер палатасы да бизнес өкілдеріне көрсетілетін қолдау шараларын кеңейтіп келеді. «Өрлеу» бағдарламасы арқылы ондаған жоба қаржыландырылып, кепілдік қорының көмегімен кәсіпкерлерге қосымша мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар «Бір ауыл – бір өнім» жобасы жергілікті өндірісті дамытуға бағытталған тиімді алаңға айналды.
Аталған жоба аясында жергілікті шикізаттан өнім өндіретін кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп келеді. Қолөнер шеберлері, шағын өндіріс иелері өз өнімдерін ішкі нарыққа ғана емес, шетелге де шығаруға мүмкіндік алып отыр. Мәселен, өңірлік жобалардың кейбір қатысушыларының тауарлары Жапония, Түркия, Франция, Италия және АҚШ нарықтарына жол тартқан.
Бизнесті дамытуда қаржылай емес қолдау құралдарының да маңызы артып келеді. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Қарағанды филиалы жүзеге асырып отырған мобильді фронт-офис жобасы кәсіпкерлерге кеңес беру қызметін аудан-аудандарға жеткізуде. Арнайы жабдықталған көлік арқылы мамандар шалғай елді мекендердегі кәсіп иелеріне қажетті ақпарат пен бағыт-бағдар береді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев кәсіпкерлікті қолдау өңірлік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, басты міндет – кәсіп бастауға ниетті азаматтардың қолдау құралдары туралы толық ақпарат алуына және қажетті көмекті уақытылы алуына жағдай жасау. Өңір басшысы «Іскер аймақ», «Бір ауыл – бір өнім» жобалары мен басқа да қолдау тетіктерін біртұтас жүйе ретінде дамыту қажеттігін атап, кәсіпкерлердің өнімін нарыққа шығаруға дейін сүйемелдеу маңызды екенін айтты.
Қарағанды облысындағы бұл жұмыстар кәсіпкерліктің тек экономикалық көрсеткіштерін арттыруға емес, тұрғындардың жаңа бастамаларын қолдауға және өңірдің іскерлік әлеуетін күшейтуге бағытталған.