«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес пен Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Тараз қаласындағы бірқатар құрылыс нысандарымен танысты.
Комиссия мүшелері алдымен «Бурыл А,Б,В» тұрғын алқабына асфальт жол төсеу жұмыстарын назарға алды. Биылдыққа аталған аумақтың 17 көшесіне асфальт төсеу жоспарланса, қазіргі таңда мердігер компания «Арайстроймаркет» ЖШС-і 5 көшедегі жұмыстарды толығымен аяқтаған. Жоспарда – Бурыл алқабындағы жалпы ұзындығы 33,7 шақырым болатын 75 көшені асфальттау.
Келесі кезекте комиссия мүшелері «Ұлы Дала» мөлтек ауданындағы 1200 орынды мектеп құрылысына зерделеу жұмыстарын жүргізді. Бүгінде білім нысанындағы жұмыстардың 60 пайызы атқарылса, жыл соңына дейін құрылысты толық аяқтау жоспарланып отыр. Еңселі білім ошағының құрылысын «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС-і жүргізуде.
Комиссия мүшелері мердігер компания өкілдеріне құрылысты сапалы жүргізіп, берілген жұмысты уақытылы аяқтау туралы ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ жылу желілерін ауыстырған соң, жолды қайта қалпына келтіруге баса назар аудару қажеттігін еске салды. Аталған құрылыс нысандары толық аяқталғанға дейін партияның бақылауында болады.