Қостанайда үшем дүниеге келді

0 10

Жан-жақтан су қаумалап, толассыз жайсыз хабар жанды жүдеткенде көңіл шіркін әлдебір жылылықты іздеп, шуақты күндерді аңсайды екен. Отыз күн күткен Ораза айт келіп, Тобыл сабасына түскен күні Қостанайда шыр етіп үш бірдей нәрестенің дүниеге келуін көпшіліктің көптен күткен жақсылықтың хабаршысы, үлкен қуаныштың басы деп жорығаны анық.

Әбдірахман әулетінде дү­ниеге келген үшемнің біреуі – қыз, екеуі – ұл. Перзентханадан ж­аңа шық­қан батыр ана Ақшагүл Әбді­­рах­­манованы Қостанай қала­сы­­ның әкімі Марат Жүнді­баев та ар­найы құттықтай келіп, өңірге бел­­гілі атымтай кәсіпкер, «БК-Строй» құрылыс компаниясының бас­ директоры Игорь Кимнің атынан­ үш бөлмелі пәтердің кілтін та­быс етті.

«Үшемнің дүниеге келуі – қоста­най­лықтар үшін үлкен оқиға. Перзен­т­ханадан қа­сиетті Ораза айт күні ш­ы­ғып жатқандарыңыз да – жақ­сы­лықтың нышаны. Біз кеше ғана бүкіл қала тұрғындары жабы­лып жүріп тасқын судан бас көпі­рі­мізді аман алып қалдық. Бүгін, міне, үшем дүниеге келді деген қуанышты хабарды естіп, перзентханаға шауып келдік. Үш бірдей нәрестенің бір күнде бір отбасында дүниеге келуін жақсылыққа жориық, бұл – қиын күндердің келмес­ке кетіп, жаңа өмірдің басталып жат­қанын білдіреді. «БК-Строй» құрылыс компаниясының басшысы Игорь Ким де сіздердің әулетте болып жатқан қуанышты хабарды ести сала, маған 109 шаршы метрлік, жөндеуден өткен 3 бөлмелі пәтердің кілтін табыс етуді аманаттады. Ол пәтерге бүгін көшіп барсаңыздар да болады, бәрі да­йын тұр», деген қала әкімі қызыл барқыт қо­рап­­­­ша­дағы пәтер кілтін отағасы Жарастың қолына ұстатты.

«Жаңа туған балалардың атын Айару, Ардан, Арлан деп қойдық. Өзіміз бұған дейін де 5 бала тәр­бие­леп отыр едік, жұбайым енді бір­ден 8 баланың анасы атанып, батыр ана болып шыға келді. 2020 жылы мемлекет 58 шаршы метр­лік жалдамалы пәтер берген. Енді, міне, күтпеген жерден одан екі есе кең пәтерге кіретін болып отыр­мыз. Қуанышымызда шек жоқ. Қала әкімі Марат Жүндібаев пен «БК-Строй» компаниясының басшысы Игорь Ким мырзаға алғысымыз шексіз. Біздің отбасы­мыздағы қуаныш көпке жұғысты бол­­сын», дейді үшемнің әкесі Жарас Әбдірахманов.

Қостанайдағы облыстық ауру­­­хана­ның перинаталдық орталы­ғында кейінгі 10 жыл ішінде осымен үшінші рет үшем дүниеге келіп отыр.