Жылына 200 кітап оқитын жас оқырман

0 3

Қазіргі таңда балалардың басым бөлігі бос уақытын ұялы телефон мен түрлі гаджеттерге арнайтыны жасырын емес. Осындай кезеңде кітапты ең сенімді серігіне айналдырып, білімге деген құштарлығымен қатарластарына үлгі болып жүрген оқушылар да бар. Солардың бірі – Хромтау қаласындағы №3 орта мектептің бастауыш сыныбын үздік аяқтаған Арнат Нұржан.

Жас оқырманның кітапқа деген сүйіспеншілігі ерте жастан қалыптасқан. Оның бұл қызығушылығына анасы Гүлсабизада Баймағамбетованың ықпалы зор болған. Ұлын екінші сыныпта аудандық кітапханаға ертіп барып, оқырман ретінде тіркеткен анасы баласының кітапқа деген қызығушылығы уақыт өте келе үлкен әдетке айналарын сол кезде-ақ аңғарған.

Бүгінде Арнат – аудандық кітапхананың тұрақты оқырманы. Әсіресе үшінші сыныптан бастап кітап оқуды күнделікті өмірінің бір бөлшегіне айналдырып, бір жылдың ішінде 200-ден астам кітап оқып шыққан. Бұл көрсеткіш оның жасына сай үлкен жетістік екені сөзсіз.

Жас оқырман көбіне ертегілерді, халық аңыздарын, танымдық энциклопедияларды, табиғат пен жануарлар әлемі туралы кітаптарды сүйіп оқиды. Сонымен қатар қазақ әдебиетінің жауһарларына да ерекше қызығушылық танытады. Қазіргі таңда ұлы ақын Абай Құнанбайұлының шығармаларын оқып, ақынның өмір жолы мен шығармашылық мұрасын танып-біліп жүр. Ал балалар жазушысы Бердалы Ырысбековтің «Ізгілік туралы ертегі» шығармасы оның сүйікті кітаптарының біріне айналған.

Арнаттың айтуынша, кітап оқу оның дүниетанымын кеңейтіп, көптеген жаңа мәліметтер білуіне ықпал етеді.

– Былтыр 200-ден астам кітап оқыдым. Бір минутта 120-дан астам сөз оқимын. Кітап оқуға деген қызығушылығым анамнан дарыды. Бос уақытым болса, міндетті түрде кітап оқуға тырысамын. Кейде достарым Аңсар мен Айсұлтанды да кітапханаға бірге ертіп барамын. Телефонды анда-санда ғана қараймын. Кітаптардан ежелгі динозаврлардың бойы 10 метрге дейін жеткенін, салмағы бірнеше тонна болғанын, теңіз жануарларының тіршілігін және табиғаттың сан алуан құпияларын білдім. Осындай қызықты мәліметтерді оқыған сайын кітапқа деген қызығушылығым арта түседі, – дейді жас оқырман.

Арнаттың жетістігі тек кітап оқумен ғана шектелмейді. Ол оқу озаты ретінде математика пәнінен өткен аудандық және облыстық олимпиадалардың бірнеше мәрте жеңімпазы атанған. Сонымен қатар төрт жыл қатарынан «Дарынды балалар» шеруіне қатысып келеді.

Біліммен қатар өнер мен спортты қатар алып жүрген талапты оқушы қоян-қолтық ұрыс спортынан түрлі жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп жүр. Ән айтуға да бейімі бар Арнат мектеп сахнасында өнер көрсетіп, түрлі мәдени шараларға белсенді қатысады.

Болашаққа қойған мақсаты да айқын. Арнат дәрігер-хирург мамандығын таңдап, адамдардың денсаулығын сақтауға үлес қосуды армандайды. Сонымен бірге кәсіпкерлікпен айналысып, туған еліне пайдасын тигізуді мақсат етеді.

Арнат көп балалы отбасында тәрбиеленуде. Әкесі Нұртай Нұржанұлы – шахтер, анасы Гүлсабизада Баймағамбетова үй шаруасымен айналысады. Отбасында кітап оқуға, білім алуға ерекше көңіл бөлінеді. Үлкен ағасы Сағыныш та озат оқушы болса, қарындасы Ақсұңқар биыл мектепалды даярлық тобына барады.

Жас оқырманның еңбегі кітапхана ұжымының назарынан да тыс қалған емес. Өткен жылы Арнат аудандық кітапхананың «Жылдың үздік оқырманы» атанып, жазғы оқу байқауында оқушылар арасында бірінші орынды иеленді. Биыл да ол осы байқауға белсенді қатысып, жаңа белестерді бағындыруға ниетті.

Кітап – білімнің ғана емес, тұлғалық қалыптасудың да негізі. Арнат Нұржанның кітапқа деген сүйіспеншілігі, ізденімпаздығы мен еңбекқорлығы оның жарқын болашағына берік негіз қалайды. Осындай білімге құштар, кітапты серік еткен жастардың қатары көбейсе, еліміздің интеллектуалдық әлеуеті де арта түсері сөзсіз.