Биылғы жылдың алғашқы үш айының қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы экспорты 9,4 пайызға өсіп, 18 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл ретте шикізаттық емес өнімдердің экспорты да тұрақты өсім көрсетіп, отандық кәсіпорындардың халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігінің артып келе жатқанын айғақтайды. Мұнда Алматы облысы өнім өндірушілерінің қосып отырған үлесі мол.
Атап айтар болсақ, Алматы облысы Іле ауданында орналасқан Shin-Line компаниясының балмұздақ өнімдері бүгінде Қытай, Сауд Арабиясы және ТМД елдерінің нарығына экспортталып келеді. Кәсіпорын өткен жылы рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, шетелге 15 мың тонна балмұздақ жөнелтті.
Жалпы экспорт құрылымында ауылшаруашылығы өнімдері мен оларды қайта өңдеу арқылы өндірілген тауарлар 60 пайыздан астам үлесті иеленеді. Сонымен қатар құрылыс материалдары, химия өнеркәсібі, фармацевтика және темекі өнімдері де халықаралық нарыққа шығарылуда. Ал ауылшаруашылығы өнімдерінің ішінде ет, құс еті, жеміс-жидек, көкөніс, сүт өнімдері және сусындарға сұраныс жоғары. Ал көкөніс шырындарын экспорттау бойынша Алматы облысы республикада көш бастап келеді.
Сондай-ақ өңірдегі экспорттық әлеует жыл сайын артып келеді. Сонымен қатар, Fruit Art және LST AGRO кәсіпорындарында өндірілетін қызанақ пен сублимацияланған өнімдердің 90 пайызы Ресейдің ірі сауда желілеріне жеткізіледі. Жалпы алғанда, Алматы облысында өндірілген өнімдер бүгінгі таңда 61 мемлекетке экспортталады.
Қазіргі уақытта облыста 50-ге жуық кәсіпорын өз өнімдерін тұрақты түрде сыртқы нарыққа шығарып отыр. Экспорт географиясы Қытай, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Иран, Ирак, Пәкістан, Германия, Польша, Румыния, Болгария және басқа да елдерді қамтиды. Соңғы үш жылда өңірдің экспорт көлемі 2,1 есеге өсіп, 291,7 миллион АҚШ долларына жетті.