Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, ауылшаруашылығын жаңғырту және кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы Т. Рысқұлов ауданында кешенді жобалар ретімен жүзеге асырылу үстінде. Бұл ең алдымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, жаңа өндірістердің ашылуына және халықтың әл-ауқатының артуына ықпал етуде.
Т. Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркеповтің айтуынша, биылғы жылдың алғашқы бес айында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 21,3 миллиард теңгені құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,2 миллиард теңгеге артық көрсеткіш.
Көктемгі дала жұмыстарын сапалы өткізу үшін ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге литрі 281 теңгеден 11 183 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Сонымен қатар 11 шаруашылық 1 135 гектар алқапқа қант қызылшасын егіп, көктемгі егіс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтады.
Аграрлық саланың материалдық-техникалық базасы да тұрақты жаңартылуда. Қазіргі уақытта аудандағы ауылшаруашылығы құрылымдарының иелігінде 1137 техника бар. Жыл басынан бері жалпы құны 539,6 миллион теңгені құрайтын 36 жаңа ауылшаруашылығы техникасы сатып алынған. Экология мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Жыл басынан бері аудан аумағында 115700 көшет отырғызылды. Ал күз мезгілінде «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында Жақсылық және Өрнек ауылдарында қосымша 20 мың көшет отырғызу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып, жасыл аймақтардың көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалардың қатарында жылына 10 миллион инкубациялық жұмыртқа өндіретін құс фабрикасының құрылысы, ірі қара мал бордақылау алаңдары, сүт-тауар фермасы, сүт өңдеу цехы, жаңбырлатып суару қондырғыларын шығаратын өндіріс, жеңіл автокөліктерге арналған тіркемелер зауыты, ауызсу өндіретін кәсіпорын және кварцит өндіретін тау-кен байыту комбинаты бар. Сонымен қатар Катар инвесторларымен кварц плиталары, фарфор және керамика өндірісі бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесі талқылануда.
Кәсіпкерлікті дамытуда «Ауыл аманаты» бағдарламасының үлесі зор. Бағдарлама аясында ауданның 15 ауылдық округінен 121 тұрғынға жалпы көлемі 873,9 миллион теңге болатын жеңілдетілген несие берілді. Бұл ауыл тұрғындарының өз кәсібін дамытуына және жаңа өндіріс орындарын ашуына мүмкіндік беріп отыр. Жалпы қазіргі таңда аудан аумағында жалпы саны 15-ке жуық ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Оларды толық пайдалануға бергеннен кейін 98 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.