Бұқаралық ақпарат құралдар өкілдеріне арнап Сауран ауданындағы «Шаға» өндіріс алаңында баспасөз туры ұйымдастырылған болатын. Баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері өндірістік алаңдағы кәсіпорындардың жұмысымен танысып, инвестициялық жобалар жөнінде жан-жақты ақпарат алды.
БАҚ өкілдері алдымен аудандағы іргелі кәсіпорын «BNK Group» компаниясының жұмысымен таныстырылды. Компания – ауылшаруашылығы саласына арналған технологиялық жабдықтар шығаратын жетекші қазақстандық кәсіпорындардың бірі. Бүгінде «BNK Group» америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK IRRIGATION» сауда белгісімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатып суару құрылғыларын шығарып жатыр. Сонымен қатар, кәсіпорында ауылшаруашылығы техникалары құрастырылып, агродрондар дайындалады.
Осыдан кейін журналистерге «Aqniet Holding» кәсіпорнының өндірістік әлеуеті де таныстырылды. Компания мектеп жиһаздарын шығарумен айналысады. Соңғы үш жыл ішінде еліміз бойынша 50-ге жуық мектепті заманауи жиһазбен қамтамасыз еткен кәсіпорында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының талаптарына сай өнімдер шығарылады. Сондай-ақ, онда «KAZMEDPRIBOR» компаниясымен бірлесіп, медицина мекемелеріне арналған арнайы жабдықтар өндіріледі. Сонымен қатар сапар аясында журналистерге «Юпитер-М» ЖШС-нің өндірістік жобасы таныстырылды. Кәсіпорын жаңбырлатып және тамшылатып суару құрылғыларын шығарады. Жылдық өндірістік қуаты 1750 тоннаны құрайтын зауыт бүгінде толық қуатында жұмыс істеп, өнімдерін ішкі нарықпен қатар Өзбекстан Республикасына экспорттауда. Кәсіпорында 20 жаңа жұмыс орны құрылған.
Сондай-ақ, БАҚ өкілдеріне полиэтилен өнімдерін шығаратын «TURSAPA» зауытының өндірістік мүмкіндіктері көрсетілді. Кәсіпорында тұрмыстық және өндірістік мақсаттағы полиэтилен өнімдері мен әртүрлі көлемдегі қоқыс қаптары шығарылады. Кәсіпорын ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етіп отыр.
Сапар бағдарламасында «Turan Su» кәсіпорнының өндірісі де болды. 2019 жылы құрылған мекеме ирригациялық жүйелерді күтіп ұстау, жөндеу және реконструкциялау жұмыстарымен айналысады. Сонымен қатар, кәсіпорын индустриялық парк аумағында тамшылатып суару құбырларын шығаратын жаңа зауытты іске қосқан. Кәсіпорынның жылдық қуаты 183 мың шақырымнан астам тамшылатып суару ленталарын, 5 256 дана полиэтилен құбырларын және 2 117 шақырым шлангі шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорында 20 жұмысшы екі ауысымда еңбек етеді. Жоба су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге бағытталған.
Бұдан бөлек журналистер назарына «Avatar Agricultural Technology Development» ЖШС жүзеге асырып жатқан агродрондар өндірісі де ұсынылды. Жоба аясында жылына 600 ауылшаруашылығына арналған дрон шығару жоспарланған. Қазіргі уақытта өндірістік алаң дайындалып, қажетті құрал-жабдықтар толық орнатылған. Алғашқы сынамалық үлгілер әзірленген. Қазіргі кезде жобаны толық іске қосу үшін азаматтық авиация саласындағы тиісті рұқсат құжаттарын ресімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Бағдарлама аясында «Daulet Holding» кәсіпорнының өндірістік қызметі де таныстырылды. Кәсіпорын жылына 36500 бөлмеішілік ағаш есік шығарады. Кәсіпорында 40-қа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Заманауи технологиялар қолданылатын цехта шикізатты іріктеу, ағашты өңдеу, құрастыру және әрлеу жұмыстары толық өндірістік цикл бойынша жүзеге асырылады.