Қалауын тауып, қырғауыл өсіруде

0 19

Талдықорған қаласында Батыл Тілеубекұлы есімді жігіт бар. Өзі күміскөмей әнші, иығы жер иіскемеген балуан емес. Қарапайым қазақтың қарадомалағы. Тек қалаған кәсібін дөңгелентіп отырған жан. Өзі қырғауыл өсіреді. Қой өсіргенді, жылқы баққанды, тауық баптап, бөденемен бизнесін өркендеткен жетісулықтар туралы бұрыннан естіп жүрсіз. Ал қырғауыл бағу санаға сыймай тұр ма? 

Түнеугүні Түркістандағы танысым қоңырау шалады. Құс өсірудің маманы өзі. Уәжін айтып, түркі өркениетінің астанасына қырғауыл жұмыртқасын салып жіберуімді өтінді. «Апам да аң-таң, мен де аң-таң». О заманда, бұ заман, қырғауыл жұмыртқасын қайдан таппақпын? Танысым Батыл Тілеубекке сілтеді. Қолым қалт еткенде сонда тартып отырдым. Шынымен де қырғауылды кәсіп етіп отыр екен. Ауласынан 100 шаршы метр аумақты темірмен құрсаулаған. Шымшықтан өзге құс кіріп-шыға алмайтындай. Құдды зообақ. Сол темір тордың ішінде 40-тан астам қырғауыл жүр. Өздері түрлі түсті. Бақсақ, Батыл қырғауылдың бір емес, бақандай 7 түрлі тұқымын өсіреді екен. Ішінде тауыс құсы да жүр.

 – Қызығушылықтан туындаған шаруа ғой. Сегіз жыл бұрын жарнамалық газеттен Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылында қырғауыл балапанын сататындар жайлы оқыдым да 6 балапан сатып алдым. Бастапқыда жөнін білмеймін, сол алтаудан үшеуін ғана аман алып қалдым. Әлеуметтік желі, жарнамалық сайттардың көмегімен арғысы Ақтөбе, бергісі Алматыдан қырғауыл тұқымын жинастырдым. Басты арманым – қырғауылдың өнімін көбейту емес, құстар саябағын ашу. Экзотикалық құстардың санын молайтып, Талдықорғанда ерекше кәсіп бастау, – дейді Батыл Тілеубекұлы.

Табиғатынан сақ, үркек келетін құстың күміс реңдісі, алтын түстісі, лимон, күлгін түстілері кейіпкеріміздің ауласында жүр. Құсшының айтуынша, қырғауылға тауық, қаз бен үйрекке қарағандай бап керек. Артық ештеңені талап етпейді. Қыста жылы жер іздемейді. Тек тауықтай жыл бойы жұмыртқа бермейді. Сәуір-мамыр аралығында жұмыртқалайды. Сол уақытта тұқымын көбейтіп алу керек. Қазірдің өзінде қырғауылдың жұмыртқасы  2 мың теңгеден әріге бағаланады. Сирек тұқымының жұмыртқасы тіптен қымбат. Балапандары 5 мың, есейген құстың бағасы 10 мың теңгеден жоғары.

Батылдың ауласында тауыс пен қырғауылдан бөлек ергежейлі тауық, бөдене, көгершін де баршылық. Өзі құрылыс материалын сатумен айналысатын жан құс атаулыға құштар екен. Айтуынша, қолындағы қанаттылары өз жемін өздері ақтап тұр. Жұмыртқасын, балапанын сату арқылы қалтасына қол салдырмайтын көрінеді.