Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» ана мәртебесі, ұлттық тәрбие және отбасы құндылықтары талқыланған «Анаға тағзым» ІІІ республикалық форумы өтті. «Ана бренді: цифрлық дәуірдегі тәрбие коды» тақырыбын арқау еткен жиынға еліміздің барлық өңірінен келген делегаттар, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен мәдениет өкілдері қатысты.
Форумның негізгі мақсаты – қоғамдағы ананың орнын айқындау, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүрген әйелдердің өнегесін насихаттау және ұлттық құндылықтарды заманауи талаптармен сабақтастыру. Әсіресе, ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект кеңінен таралған кезеңде бала тәрбиесіне қатысты жаңа міндеттерге назар аударылды.
Жиынға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен, ғалым әрі биотехнолог, отандық QazVac вакцинасының авторы Күнсұлу Закария, «Аналар кеңесі» ұйымының төрайымы Назипа Шанаи, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева, әнші Мәдина Сәдуақасова және басқа да белгілі тұлғалар қатысты.
Аймақ басшысы өз сөзінде анаға құрмет көрсету мен отбасы институтын нығайтудың қоғам үшін маңызына тоқталды. Оның айтуынша, технологиялық өзгерістер тәрбие мәселесіне де жаңа талаптар қойып отыр. Бүгінгі ата-ана баласына білім мен адамгершілік құндылықтарды үйретумен қатар, цифрлық кеңістікте дұрыс бағдар табуына көмектесуі керек.
– Цифрлық технологиялар қарыштап дамып, жасанды интеллект дәуірі келіп жетті. Ақпарат ағыны еселеп артты. Осындай кезеңде қоғам мен отбасындағы ананың рөлі бұрынғыдан да маңызды әрі жауапты бола түсті. Ұрпаққа заман талабына сай білім мен тәрбиені қатар беру – басты міндетіміз, – деді Мұрат Ергешбаев.
Басқосуда көтерілген маңызды мәселелердің бірі – балалардың ақпараттық ортадағы қауіпсіздігі мен саналы көзқарасын қалыптастыру. Қазіргі уақытта жас ұрпақ интернеттен түрлі мәлімет алады. Сондықтан ананың міндеті баланы бақылаумен ғана шектелмей, ақпаратты саралауға, шынайы дерек пен жалған мәліметті ажыратуға үйретуді де қамтиды. Бұл ретте ұлттық тәрбие мен заманауи білімнің өзара үйлесуі ерекше мәнге ие.
Форум барысында дәстүр сабақтастығы, әйел ғалымдардың қоғамдағы орны, ана мен баланың денсаулығы, дарынды жастарды қолдау, тұлға қалыптастырудағы отбасының ықпалы және отбасылық құндылықтарды сақтау мәселелері талқыланды. Қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, аналардың қоғам өміріндегі белсенділігін арттыруға қатысты пікірлерін ортаға салды.
Қызылордада аналарға арналған «Анаға тағзым» орталығы мен жас отбасыларды қолдауға бағытталған Отбасы орталықтарының жұмыс істеуі де осы бағыттағы бастамалардың маңызын көрсетеді. Мұндай орындар әйелдерге, аналарға және жас отбасыларға қолдау көрсетуге арналған орта ретінде қызмет етеді.
Республикалық форум ұлттық тәрбиенің өзектілігін жаңа қырынан қарастыруға мүмкіндік берді. Қатысушылар көтерген мәселелердің түйіні – заман қанша өзгерсе де, баланың тұлға болып қалыптасуында ананың ықпалы мен отбасының тәрбиелік рөлі айрықша мәнін жоғалтпайды. Ал цифрлық дәуірде осы құндылықтарды сақтай отырып, жаңа талаптарға бейімделу қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.