Ауылда өсімдік майын өндіретін кәсіпорын ашылды

0 0

Жетісу облысының Алакөл ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытындағы жаңа кәсіпорын іске қосылды. Екпінді ауылында жұмысын бастаған «New Silver Central Asia Grain & Oil» ЖШС айына 1 800 тоннаға дейін өсімдік майын өндіруге қауқарлы. Өндірісті жолға қоюға 61 млн теңгеден астам инвестиция бағытталған.

Кәсіпорынның іске қосылуы ауданның аграрлық әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін маңызды жобалардың біріне айналып отыр. Себебі Алакөлде егін шаруашылығы жақсы дамығанымен, бұған дейін өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің едәуір бөлігі өңдеусіз, шикізат күйінде сатылатын. Енді жергілікті жерде майлы дақылдарды қайта өңдеуге мүмкіндік туып, шаруалар үшін өнім өткізудің жаңа арнасы қалыптасты.

Жаңа өндірістің дәл Екпінді ауылында орналасуы да кездейсоқ емес. Кәсіпорын құрылтайшылары бұл аумақты таңдауда ең алдымен шикізат базасына жақындығын ескерген. Ауданның өзінде және көршілес өңірлерде күнбағыс өсіретін шаруашылықтар жеткілікті. Мамандар жүргізген зерттеу нәтижелері жергілікті жерде өсірілетін күнбағыс тұқымдарының сапасы жоғары екенін көрсеткен. Бұл өндірістің қажетті шикізатпен тұрақты қамтамасыз етілуіне негіз болады.

Аудан әкімі Алмас Абдиновтың айтуынша, Алакөлде дәнді және майлы дақылдар шамамен 80 мың гектар алқапқа егіледі. Демек, жаңа кәсіпорынның өндірістік қуатын қамтамасыз ететін аграрлық база бар. Бұған дейін шаруалар үшін негізгі мәселенің бірі өнімді тиімді өткізу болса, енді оның бір бөлігін аудан аумағында өңдеп, қосымша құн қалыптастыруға жағдай жасалмақ.

Мұның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін маңызы зор. Себебі шикізатты дайын өнімге дейін өңдеу шаруалардың нарықтағы мүмкіндігін кеңейтеді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өндірісі мен қайта өңдеу саласының өзара байланысы күшейіп, жергілікті жерде экономикалық айналым қалыптасады. Өнімді алысқа тасымалдауға кететін шығынды азайтуға да мүмкіндік бар.

Кәсіпорынның ашылуы Екпінді ауылының әлеуметтік жағдайына да оң ықпал етпек. Өндіріс іске қосылғаннан кейін мұнда 10 жаңа жұмыс орны құрылды. Ауыл тұрғындары үшін тұрақты жұмыспен қамту мәселесінде мұндай өндіріс орындарының маңызы ерекше. Өйткені жаңа жұмыс орындары халықтың табысын арттырумен қатар, ауылдағы іскерлік белсенділіктің өсуіне әсер етеді.

Жергілікті тұрғындар да жаңа өндірістің ашылуын оң қабылдап отыр. Ауыл тұрғыны Ермек Майқыновтың пікірінше, кәсіпорынның іске қосылуы шаруаларға да, елді мекен тұрғындарына да тиімді.

«Ауылымызда өндіріс орнының ашылғаны – қуанышты жаңалық. Ең алдымен, тұрақты жұмыс орындары пайда болады. Бұдан бөлек, жергілікті шаруалар өздері өсірген күнбағысты қайда өткізетінін іздеп әуре болмайды. Ауданымыз ауыл шаруашылығына бейімделгендіктен, осындай өндірістердің ашылғаны біз үшін маңызды», – дейді ол.

Жалпы, соңғы жылдары Жетісу облысында ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Өңірде өндірілген өнімді өңдеу көлемі 2025 жылдың қорытындысы бойынша 68 пайызға жеткен. Бұл ауыл шаруашылығы саласында тек өнім көлемін арттырумен шектелмей, оны қайта өңдеп, дайын тауар шығаруға бағытталған жұмыстардың күшейгенін көрсетеді.

Алакөлдегі жаңа кәсіпорын да осы бағыттағы жұмыстардың нақты нәтижесінің бірі. Оның жұмысы жолға қойылған жағдайда жергілікті шаруалардың өнімін өткізу мүмкіндігі артып, майлы дақылдар өндірісіне деген қызығушылық күшеюі мүмкін. Ал бұл өз кезегінде егіс көлемінің ұлғаюына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ауылдық жердегі кәсіпкерлік белсенділіктің артуына ықпал етеді.

Бүгінде ауыл шаруашылығын дамыту тек егіс көлемін көбейтумен өлшенбейді. Өнімді өсірумен қатар оны сақтау, өңдеу және дайын тауар ретінде нарыққа шығару да маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Екпінді ауылында іске қосылған өндіріс орны Алакөл ауданының аграрлық секторында өңдеу бағытын күшейтуге жасалған қадам ретінде бағаланып отыр.

Жаңа кәсіпорынның қуаты толық игерілген жағдайда аудан шаруалары үшін тұрақты өткізу нарығы қалыптасып, жергілікті жерде өндірілген шикізаттың экономикалық қайтарымы арта түспек. Бұл ауыл экономикасын әртараптандырып қана қоймай, Алакөлдің ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша әлеуетін де арттыруға мүмкіндік береді.