Қайта өңдеу ісіне тұрғындар да үлес қосты

0 1

Алматы қаласының Алмалы ауданында тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға және тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға ынталандыратын экологиялық акция ұйымдастырылды. Lake Town тұрғын үй кешенінің аумағында өткен іс-шара нәтижесінде қайта өңдеуге жарамды 200 келіге жуық шикізат жиналды. Экологиялық іс-шараны қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастыру және экологиялық сауаттылықты арттыру бағытында жұмыс істейтін ECO Network қауымдастығы ұйымдастырды.

Іс-шараның басты мақсаты – қалдықтарды бір жерге араластырып тастамай, түріне қарай бөліп жинаудың маңызын түсіндіру және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру. Акцияға қатысушылар күнделікті тұрмыста жиі кездесетін, қайта өңдеуге болатын материалдарды арнайы қабылдау орындарына тапсырды.

Жиналған шикізаттың қатарында пластик бөтелкелер мен қақпақтар, қағаз-картон өнімдері, полиэтилен, шыны ыдыстар, алюминий банкалар болды. Сонымен бірге қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін пайдаланылған батарейкалар мен құрамында сынап бар шамдар да қабылданды. Мұндай қалдықтарды басқа қоқыстардан бөлек жинау олардың қауіпсіз өңделуіне мүмкіндік береді.

Акция барысында келушілерге пластикті қайта өңдеуге дайындау жолдары да көрсетілді. Әсіресе, пластик қақпақтарды ұсақтауға арналған арнайы велосипед құрылғылары қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Педальді айналдыру арқылы құрылғыны іске қосқан тұрғындар пластиктің қалай ұсақталатынын өздері көріп, қайта өңдеу үдерісінің бастапқы кезеңімен танысты.

Бұл тәжірибе қалдықтарды сұрыптау мәселесін тек теория жүзінде түсіндірумен шектелмей, оның іс жүзінде қалай жүзеге асатынын көрсетуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар қайта өңдеуге жарамды материалдардың тұрмыстық қоқыс емес, қайта пайдалануға болатын ресурс екенін ұғындыруға бағытталды.

Жиналған материалдар әрі қарай қайта өңдеуге жөнелтіледі. Мәселен, өңделген пластиктен салпыншақтар, ыдыс-аяқ қоятын тіреуіштер, интерьерге арналған бұйымдар, жиһаз бөлшектері мен түрлі арт-нысандар жасауға болады. Осылайша бұрын қажетсіз қалдық саналған материалдар жаңа өнімге айналып, қайта қолданысқа енгізіледі.

Мамандар мұндай бастамалардың маңызы қалдық жинаумен ғана шектелмейтінін атап өтеді. Тұрғындардың сұрыптау дағдысын қалыптастыру, қайта өңдеу мүмкіндіктерін көрсету және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға үйрету – экологиялық мәдениетті дамытудың маңызды бөлігі.

Алматыда өткен акция да осы бағыттағы жұмыстардың бірі болды. Жиналған 200 келіге жуық қайталама шикізат – күнделікті тұрмыстағы қалдықтарды дұрыс сұрыптаудың нақты нәтижесі. Осындай бастамалар тұрақты жалғасса, қайта өңдеу мәдениетін кеңінен қалыптастыруға және қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға ықпал етеді.