Қалаға бергісіз ауыл

0 18

Мемлекет басшысының Ақмола облысына жұмыс сапары Целиноград ауданындағы Родина ауылында жалғасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдағы Мәдениет үйін аралады. Жалпы ауданы 1563 шаршы метрді құрайтын нысанда хореграфия және спорт залдары, дыбыс жазу студиясы мен үйірмелерге арналған кабинеттер бар. Мәдениет мекемесінің жанынан түрлі шығармашылық ұжымдар құрылған. Сонымен қатар бірнеше спорт үйірмесі жұмыс істейді. Оларға 400-ден астам ауыл тұрғыны қатысады.

Президентке «Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэр серіктестіктің ауылда іске асырып жатқан әлеуметтік жобаларын таныстырды. Былтыр бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында компания Родина ауылының игілігіне 791 миллион теңге қаржы бөлген.

Мемлекет басшысы Мәдениет үйі өнерпаздарының «Достық шуағы» композициясын тамашалап, ауыл тұрғындарымен жүздесті.

– Сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Ауылға арнайы келдім. Құрметті Иван Адамович Сауэрдің шаруашылығы жайында бұған дейін көп естіген болатынмын. Бірақ мұнда келіп, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысудың реті болмай жүр еді. Бұл – өте үлкен әрі барлық көрсеткіш бойынша үздік шаруашылық. Баршаңызға бақ-береке тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент осы ауылдағы «Наша родина» супермаркетін, «Достық» саябағы мен жалпы орта білім беретін мектебін аралап көрді. «Родина» агрофирмасының өндірістік нысандарымен танысты. Агроқұрылымның №1 сауын цехында «GEA» фирмасының «Елочка» қондырғысы орнатылған. Аталған құрылғының көмегімен бір мезгілде 32 сиырды қатар саууға мүмкіндік бар.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэр серіктестіктің сүт бағытын дамыту жоспары туралы баяндады. Сонымен қатар жаңа сауын цехы салынып жатқанын жеткізді.

Бұдан соң Президент Родина ауылындағы сүт зауытын аралап көрді. Мемлекет басшысына индустрияландыру бағдарламасы аясында іске қосылған нысандағы өндірістік процесс таныстырылды. Заманауи қондырғылармен жабдықталған әрі озық еуропалық технологиямен жұмыс істейтін кәсіпорын тәулігіне 50 тонна сүт өндіреді. Сонымен қатар сүт өнімдерінің бірнеше түрін шығарады. Қазір мұнда 36 адам еңбек етеді.

Президент зауыт жұмысшыларымен әңгімелесіп, «Родина» агрофирмасының үлгілі шаруашылық екенін айтып, жүйелі жұмысты одан әрі жалғастыра беруге шақырды.

Жалпы Ақмола облысында сүт өнімдерін шығаратын 15 кәсіпорын бар. Сонымен қатар өңірде 7 тауарлы сүт фермасы салынып жатыр. Осы бағыттағы жобаларды қаржыландыруға 13,3 миллиард теңге бөлінген.