Проблемалы аудандар сумен тұрақты қамтамасыз етілді

0 9

Алматыда қаланы үздіксіз сумен қамтамасыз ету бойынша шаралар белсенді қабылданып жатыр.

Биыл 17 мамырда «Балқаш» таза су резервуары пайдалануға берілді. Жоба аясында 6,9 мың текше метрге 5 резервуар және тәулігіне 7,3 мың текше метрге 3 ұңғыма салынды. Осы жылдың 1 маусымынан бастап «Юбилейный», «Каменск үстірті», «Көлсай», «Мұзтау» шағын аудан тұрғындарын сумен қамтамасыз ету үшін резервуарға 6,1 километр жаңа магистральдық желі салынды.

Былтыр желтоқсанда қуаты тәулігіне 15 мың текше метр болатын «Қарғалы» су жинағышының құрылысы аяқталып, 1 маусымда қолданыстағы желілер арқылы су беріле бастады. Сондай-ақ, 6,5 километр кәріз коллекторының құрылысы жүргізіліп жатыр. Нысан биыл қыркүйек айында аяқталады.

«Ақсай» су жинағышының құрылысы белсенді жүргізілуде. Оның қуаты – тәулігіне 22 мың текше метр. Қазіргі таңда нысанның дайындығы 50%. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтау 2025 жылдың қараша айына жоспарланған.

«Қарғалы», «Ақсай» және «Балқаш» ТСР су жинағыштары қаланың Наурызбай және Медеу ауданының 170 мың тұрғынын, сондай-ақ Алматы облысының Жаңатұрмыс және Қырғауылды ауылдарының 40 мың тұрғынын сумен тұрақты қамтамасыз етеді.

Алматының жоғары бөлігінің тұрғындарын сумен тұрақты қамтамасыз ету үшін осы жылдың ақпан айында тәулігіне 32 мың текше метр сумен жабдықтаудың резервтік схемасын салу жөніндегі жобаны іске асыру басталды. Қазіргі таңда 6 ұңғыманы бұрғылау жұмыстары жүргізіліп жатыр, олар үшін 6 тереңдік сорғысы сатып алынды. Алаңдарда негізгі сорғы жабдықтары орнатылады. Резервтік схеманың құрылысын 2024 жылдың 1 шілдесіне дейін аяқтау жоспарланған. Бұл Алматының жоғары бөлігінің 50 мың тұрғынын сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.