Президент кеңесшісі облыс педагогтерімен кездесті

0 8

ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келіп, Меркі ауданында облыс педагогтерімен кездесу өткізді.

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, Меркі, Т.Рысқұлов, Шу, Мойынқұм және Қордай аудандары білім бөлімдерінің басшылары, мектеп директорлары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысқан кездесуде Мемлекет басшысы Қасым Жомарт-Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттер түсіндірілді. Мәлік Нұржанұлы Жолдаудың әр бағыты терең талданып, еліміздің болашағы үшін, қазіргі жахандану үрдісінде мемлекетіміздің әлемдік бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету мақсатында жазылғанын атап көрсетті.

− Президент  Жолдауының әрбір бағытында біздің тіршілігімізге қажет, шешілуі тиіс барлық мәселе сала-сала бойынша қамтылды. Енді осы айтылған дүниелердің барлығы жүзеге асуы керек. Біз үнемі дамуды мақсат етіп отырмыз, сондықтан көштен қалмауымыз керек. Президентіміздің барлық саяси реформалары осыған бағытталып отыр. Ал халқымыз осы саяси үрдістердің барлығына белсене қатысуы тиіс. Сонда ғана біз ел болып дамимыз. Президентіміздің де басты қалауы мен талабы осы, − деді Мәлік Нұржанұлы.

Жиында Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов баяндама жасап, Президент  Жолдауында айтылған білім саласына қатысты маңызды тұстарға тоқталды. Мемлекет басшысы Жолдауында 2025 жылдың соңына дейін елімізде заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беру жоспарланғанын айтқан еді. Білім басқармасының басшысының айтуынша, бүгінде Президенттің тапсырмасымен өңірімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Ұлттық жоба аясында облыста 12 мектеп салу жоспарланған. Соның алғашқысы Байзақ ауданы Сарыкемер ауылындағы 600 орынды «Жайлы мектеп» жаңа оқу жылында оқушылар игілігіне берілген. Сондай-ақ биыл 41 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күні 8 білім нысаны пайдалануға берілсе (6 мектеп, 2 мектепке қосымша ғимарат),  жыл соңына дейін 19 білім нысаны пайдалануға беріледі екен.

Сонымен қатар бірқатар аудандық білім мекемелерінің басшылары баяндама жасап, Президент Жолдауында білім саласын дамытуға арналған нақты міндеттер жүктелгенін айтып, олардың орындалуына білім саласының барлық қызметкері мүдделі екендерін жеткізді.