«Жолаушылар тасымалы» АҚ жолаушыларға арналған «Пойыз қозғалысының онлайн тақтасы» атты жаңа цифрлық сервисті қолданысқа енгізді, деп хабарлайды аталған акционерлік қоғамның баспасөз қызметі.
Енді жолаушылар нақты уақыт режимінде пойыздардың келу және кету уақытын бақылап, қозғалыс кестесіндегі өзгерістер туралы жедел ақпарат ала алады.
Аталған қызмет «Жолаушылар тасымалы» АҚ Ситуациялық орталығы аясында әзірленген. Орталық жолаушылар пойыздарының қозғалысын тәулік бойы бақылап, мониторинг жүргізеді. Пойыздарға орнатылған GPS-трекерлер деректерді автоматты түрде орталыққа жіберіп, пойыздардың орналасқан жерін дәл анықтауға және қозғалыс кестесін жедел жаңартуға мүмкіндік береді. Жаңа сервис жолаушыларға bilet.railways.kz ресми сайтында қолжетімді.
Пойыз қозғалысы туралы ақпарат алу үшін:
- https://bilet.railways.kz сайтына кіру қажет.
- «Пойыз қозғалысының онлайн тақтасы» баннерін басу керек.
- Картадан қажетті пойызды таңдау қажет.
Сондай-ақ, қызметке https://tablo-railways.kz/ru/ сайты арқылы да кіруге болады.
«Пойыз қозғалысының онлайн тақтасы» жолаушыларға нақты уақыт режимінде пойыздың қозғалысын картадан бақылауға (пойыз қызыл түспен белгіленеді), таңдаған стансадағы келу және жөнелту кестесін тексеруге, қозғалыс кестесіндегі өзгерістерді бақылауға, барлық аялдама стансаларын, олардың күту уақытын және межелі бекетке шамамен келу уақытын көруге мүмкіндік береді.